Жазылған науқастардың көбейгенін білдіреді.
Түркістан облысында провизорлық және инфекциялық орындар саны екі есеге азайған, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында індетке қарсы күрес жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Өңір бойынша жалпы инфекциялық төсек орындар саны 440 болса, бүгінде оның саны 225-ке қысқарған. 1941 провизорлық төсек орынның 931-і қысқарып, 1010 төсек қалып отыр. Бұл Түркістан облысында ауыр індеттен жазылып шыққан науқастардың көбейгенін көрсетеді.
Атап өтсек, облыс бойынша 2020 жылдың 30 наурызынан бастап 6 тамыз аралығында COVID-19 расталған науқастар саны 2902-ні құрайды. Өңір басшысының дер кездегі шешімі мен дәрігерлердің ерен еңбектерінің арқасында науқастардың 81,2 пайызы жазылып шыққан. Яғни, 2355 науқас бүгінде дертінен толық айығып отыр.
Сондай-ақ, ауруханадан үйіне шығарылған науқастардың ішінде сиптомпсыз жағдайдағы 1563 адам толық сауыққан.
Айта кетейік, қазіргі уақытта облыстың барлық аумағында коронавирусқа қарсы іс-шаралар тұрақты түрде атқарылып келеді. Карантин талаптарының сақталуы арнайы мониторинг жасайтын топтардың қатаң бақылауында.