ТҮРКІСТАН: Республикалық «Jas talant» байқауының жеңімпаздары анықталды

0
1 283

Оқу гранты мен түрлі жеңілдіктерге ие болды.


ТҮРКІСТАН: Республикалық «Jas talant» байқауының жеңімпаздары анықталды

Түркістандағы «Оқушылар сарайы» - ЮНЕСКО клубында III республикалық «Jas talаnt» онлайн конкурсының қорытынды гала-концерті өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін Түркістандағы «Оқушылар сарайы» - ЮНЕСКО клубында III республикалық «Jas talаnt» онлайн конкурсының қорытынды гала-концерті өтіп, жеңімпаздар марапатталды. Аталған іс-шараға «Оқушылар сарайының» директоры Индира Икапова, Түркістан қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Тұрғанбаев Асқар, Халықаралық туризм және меймандостық университетінің аппарат басшысы Зиябеков Ержан, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті мәдениет және спорт факультетінің деканы Тәңірберген Медеубек, ұстаздар мен ата-аналар қатысты.


Республикалық деңгейде осымен үшінші рет өткізіліп отырған дәстүрлі байқаудың 28 наурыздан басталған іріктеу кезеңіне жалпы 80-ге тарта өтініш түсіп, олардың 40-ы қазылар алқасының шешімімен үздік деп танылып, ақтық кезеңге жолдама алған.


Қорытынды іс-шараның ашылуында қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы сөз алып, жасөспірімдер шығармашылығын дамытудың мән-маңызына тоқталды. Ал, «Оқушылар сарайының» директоры байқаудың мақсатын түсіндіріп, конкурс жалғасын табатынын жеткізді.


«Бұл байқаудың негізгі мақсаты – талантты жастардың шығармашылығын шыңдап, оқу гранттары арқылы қолдау көрсету. Сонымен қатар, ұлттық және заманауи қолөнерді ұштастыра отырып, өңірдің туристік әлеуетін арттыруға үлес қосу. Осыған дейінгі байқауларда өз дарынын дәлелдей білген көптеген жас жоғарғы оқу орындарының грантын ұтып алса, бүгін де 20 оқу грантының және түрлі жеңілдіктердің иегерлері анықталды. Сондықтан, бұл жоба бойына талант тұнған жастарымызды биік белестерге бастайтын қолдау деп сеніммен айта аламын. Аталған жоба асында көптеген ерекше дарын иелері мен он саусағынан өнер тамған өскелең ұрпақты шыңдай алдық деп ойлаймын. Тиісінше, бұл байқауды алдағы уақытта да жалғастырып, жастардың жаңа тынысын ашуға үлес қоса береміз деп сенемін. Бүгін шын мықтылардың жеңісіне куә болдық», - деді байқаудың басты ұйымдастырушыларының бірі, «Оқушылар сарайының» директоры Индира Сарқытқызы.


«Бармақтар», «Өнерлі жас», «Өлкетану», «Сән, интерьер дизайны және өнеркәсіптік дизайн», «Мәдени-тынығу жұмысы» және «Хореография» аталымдары бойынша ұйымдастырылған байқаудың нәтижесі бойынша 13 қатысушы іргелі жоғары оқу орындарының грантына ие болса, 2 үміткер оқу ақысына арналған жеңілдікке қол жетікізіп, 4 жас арнайы дипломмен марапатталды.


Атап өтсек, «Бармақтар» номинациясы бойынша Фазылқызы Баян жеңімпаз атанып, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ тағайындаған түрік квотасының иегері атанса, Абдусаломова Рухшона ІІ, Мустапа Жібек ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Ал, «Өнерлі жас» номинациясы бойынша Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың түрік квотасы Мәткен Аяулымға бұйырса, Якия Мадина ІІ, Жамантай Қасиет ІІІ орынға қол жеткізді.


Сондай-ақ, «Өлкетану» номинациясы бойынша І орынға Әбдікәрім Бағжан, ІІ орынға Ержан Асем мен Жалын Шұғыла және ІІІ орынға Бисенгалиева Нұрәсем, Сарсенов Айдар мен Мырзабек Лашын лайық деп танылса, Нұратай Шұғыла «Жас саяхатшы», Амангелді Аяулым «Ең креативті жұмыс» номинациясымен марапатталды. Тиісінше, аталған қатысушының барлығы Халықаралық туризм және меймандостық университетінің мемлекеттік грант иегері атанды.


«Сән, интерьер дизайны және өнеркәсіптік дизайн» номинациясы бойынша І орынды Атамбаева Асем алып, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің квотасына қол жеткізсе, ІІ орын алған Юн Елена мен ІІІ орын алған Ермек Ақботаға аталмыш университеттің оқу ақысына арналған 75 және 50 пайыздық жеңілдігі бұйырды.


Сонымен қатар, «Мәдени-тынығу жұмысы» номинациясы бойынша Қайырбеков Мадияр, «Хореография» номинациясы бойынша Бердібай Дариға жеңіске жетіп, олар да М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті квотасының иегері атанды.