80 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Сайрам ауданында жылына 500 дана арнайы техника шығаратын зауыт іске қосылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Сайрам ауданы, Ақсукент ауылдық округіндегі «Завод Автотехнологий» өндіріс орны – өңірдегі ірі инвестициялық жобалардың бірі. Аудан әкімі Арман Сәбитов аталған кәсіпорынның жұмыс барысымен танысты. Зауыт жұмысын кәсіпкер Керімбек Адишев жетекшілік ететін команда жүзеге асыруда. Жоспар бойынша өндіріс орны 2025 жылдың маусым айында іске қосылады. Онда 80 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Жоба аясында арнайы мақсаттағы автокөліктер құрастырылады. Зауыттың өндірістік қуаттылығы жылына 500 дана арнайы техника шығаруға жетеді. Бұл бастама отандық машина жасау саласындағы серпіліс болмақ. Жобаны қаржыландыру жеке инвесторлық қаражат және жеңілдетілген несие есебінен қарастырылған. Техникалық құрал-жабдықтар Қазақстаннан, ТМД елдерінен және алыс шетелден жеткізіледі. Бұл зауыттың технологиялық базасының заманауи, халықаралық стандарттарға сай болуын қамтамасыз етеді.
Өнімнің 80 пайызы ішкі нарыққа шықса, 20 пайызы экспортталмақ. Бұл жоба – елдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырумен қатар, импортқа тәуелділікті азайтуға бағытталған нақты қадам. Жоба өңір экономикасына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы жергілікті тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді деп күтілуде. Аудан басшысы Арман Сәбитов зауыт құрылысы мен өндіріс үдерістерінің жүйелі іске асырылуына қолдау білдіретіндігін жеткізді. Сондай-ақ жергілікті билік тарапынан инфрақұрылым мен кадрлық қамтамасыз ету мәселелері назарда болатынын атап өтті.