ТҮРКІСТАН: Салбурын фестивалі туристер үшін қызық па?

0
3 172


ТҮРКІСТАН: Салбурын фестивалі туристер үшін қызық па?

Түркістан облысы Түлкібас ауданында Салбурын саятшылар фестивалі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында қазақы танымда Жеті қазынаның бірі саналатын жылқыға ерекше тоқталады. Қазақ жұрты мен аттың біртұтас әрі көне заманнан бірге келе жатқандығын баяндайды. Осыған орай, облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен ұлттық құндылықтар мен туризмді дамытуға арналған шаралар жоспарының бірі ретінде "Салбурын мереке ғой саятшыға" деген атаумен Жабағылы ауылында өтті. Сондай-ақ, шара мақсаты - түп-тамырымызға үңіліп, сана түкпіріндегі ұлттық рухты ояту.

Фестиваль аясында облыстық тарихи-өлкетану мұражайы ата-бабамыз саятшылық құрғанда қолданған жабдықтарды көпшілік назарына ұсыныды.

Мәселен мынау табын аяқ. Малдың ішегінен көмкеріліп жасалған. Малдың ішегі өте сусылдақ сол себепті, аңшылар ішектен жасалған табын аяқтармен қар үстінде жүргенде, аяқтары қарға батпайды. Сырғанақтап жүргенге өте ыңғайлы болған.

Сеңсең тоны және саптама етік. Саптама етіктің ерекшелігі аяқ киім тез тозбауы үшін екі аяқта да ауыстырып киіп отырған екен.



Қанжыға. Ертеде аңшылар ұстаған аң-құстарын осындай қанжығаға байлап отырған.


Қосын. Аңшылыққа шыққан кезде, осындай қос қаданы қолданған. Қылыштар, садақтар, терілер, шоқпарларын қойып, қазан көтерген. Кешкісін аулаған аңын қазанға салып пісіріп азық еткен екен.


Шыңдабыл. Жаз, күз ауларында аңшылар шыңдабылды қамыс арасындағы қаз-үйректерді үркітіп, шошыту үшін қолданған.


Айта кету қажет, Түлкібас ауданында өткен фестивальде облыстың барлық аудан, қалалары қамыстан қосын тігіп, көпшілікті өз аумақтарындағы аңшылық өнерімен таныстырды.



Шарада құсбегілер бүркітін қоян мен қарсаққа қойып, құмай тазы баптайтындар түлкі қуып өзара кім мықтыны анықтады.

Түлкібас ауданы, Майлыкент ауылының тұрғыны Сейілхан Лесбай да бұ жолы тазысын топқа қосып шапшаңдығы мен айлакерлілігін аңғарып көрді. 20 жасынан бастап саятшылық құрып жүрген жігіттің 3 жыл бұрын Қарағандыдан алдырған тазысы қанжығасын бос қалдырмады. Айтуынша, иттің нәзігі тазы екен. Себебі, күшік кезінде әлжуас, көпшіліктің көзіне түссе ауырушаң болатын көрінеді.

"Негізі тазы деген бұрындары бір ауылды баққан дейді ғой. Қиын заманда аңшылық жасап, түлкі ұстап, одан киім тігіп күн көрген деседі. Мен сол атадан қалған дәстүрді жалғастырушымын. Қазір аң да бұрынғыдай көп емес, аулай беруге де болмайды. Бұдан бөлек, 2 тазым бар. Биылдыққа 2 түлкі, 18 шиебөрі ұстадым. Біз жақта енді шиебөрі ауылға келіп тауықтарды қырып кетеді. Сол кезде тазыларды босатып жіберемін",- дейді саятшы жігіт.


Фестивальде сөз сөйлеген Түлкібас ауданының әкімі Нұрбол Тұрашев, шараға келушілерге облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың сәлемін жеткізіп, Салбурынды өткізудің мақсатына тоқталып, сайыстарда құсы мен иті жүйріктік танытып жүлдеге ілінген бүркітшілер мен тазы баптаушыларды марапаттады.

Бұркітшілер арасында жүлделі 3-орынға Төлеби ауданынан келген Таң Төлемырза ие болды.

2-орын. Түлкібас ауданының тұрғыны Бауыржан Елшіметовтің еншісінде кетті.

Ал, 1-орын созақтық Бағдат Күйменовке тиесілі болды.

Тазылар сайысында 3-орын Отырар ауданынан келген Төребек Шарабаевтың еншісіне тиді.

2-орынға Ордабасыдан келген Сәрсенбек Әбуовтің тазысы лайық деп танылды.

Ал, Арыс қаласының тұрғыны Нұрлыхан Абзалов бұл сайыстың жеңімпазы атанды.

Айта кету қажет, осындай фестивальдер жылдан-жылға өз нәтижесін беруде. Мәселен, былтыр Түркістан облысына алыс-жақын шет мемлекеттерден келушілер саны 7,7 пайызға артқан. Бір ғана Түркістан қаласына 1 милионнан астам турист табан тіресе, 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 5 миллионға жеткізу көзделіп отыр.