ТҮРКІСТАН: Сарыағаш курорттық аймағы жаңа бағытта дамытылады

0
417

Сарыағаш ауданында орналасқан артезиан бассейні маңында емдік-сауықтыру мақсатында 57 шипажай жұмыс істейді.


ТҮРКІСТАН: Сарыағаш курорттық аймағы жаңа бағытта дамытылады

Түркістанда Сарыағаш курорттық аймағын дамыту бойынша мәжіліс өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының басты экономикалық салаларының бірі – туризм саласы. Оның ішінде өңірде емдік-сауықтыру туризмінің әлеуеті жоғары. Облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаевтың төрағалығымен Түркістанда Сарыағаш курорттық аймағын дамыту бойынша мәжіліс өтті. Жиынға тиісті басқарма мен инвестициялық мекемелердің және «Атамекен» ҰКП өкілдері, сондай-ақ шипажай басшылары қатысты.


«Қазіргі таңда облыста түрлі санаттағы 72 емдік-сауықтыру орны туристерге қызмет көрсетуде. Сарыағаш ауданында орналасқан артезиан бассейні маңында емдік-сауықтыру мақсатында 57 шипажай жұмыс істейді. Аталған бағытта демалушылардың саны 2022 жылдың қорытындысымен 142,5 мың адамды құраса, 2023 жылдың қорытындысымен 10 пайызға артады деген сенім бар. Курортты аймақты жаңа уақытқа сай дамытуды облыс басшысы Дархан Амангелдіұлы арнайы мақсат етіп қойды. Енді барлық жауапты құрылымдар бірлескен түрде нақты жоспар жасап, іске асыруға тиістіміз. Шипажай жұмысы мен сервистік қызметті жақсарту мақсатында шетелден білікті мамандарды тарта отырып, арнайы оқу семинарларын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз», – деген облыс әкімінің орынбасары су сапасын қадағалауды тапсырды.


Биыл Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және меймандостық университетін 400-ден аса студент тәмамдайды. Оқу ордасының бұл алғашқы шәкірттері болмақ. Ашылғанына 5 жыл толатын университет туризм индустриясын ұйымдастыру және қонақжайлылық салаларын дамытатын мамандарды даярлауда. Бейсен Дәулетұлы осындағы жас мамандарды жұмысқа тартуға тапсырма берді.


Облыстың туризм саласы өкілдерінен құрылған жұмысшы топ жыл сайын Road show форматындағы кездесулерді басқа облыстарда ұйымдастыруда. Бұл шараға биыл аталған шипажай өкілдерін қосу көзделуде. Сонымен қатар кәсіпкерлерге өз ісін ашу немесе кәсібін әрі қарай кеңейту мақсатында жеңілдетілген несие алу жолдары жайлы жан-жақты мәлімет берілді. Жиын барысында ыстық су көздері маңында заңсыз кәсіпкерлік нысандарының жолын кесу және қызмет көрсету сапасын арттыру, бос жер телімдеріне кәсіпкерлік нысандарының құрылысын жүргізу үшін әлеуетті инвесторлар тарту мәселелері талқыланды.


Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Нұрполат Талипов баяндамасында шипажайлардың дамуына тоқталды. Оның айтуынша курорттық аумақта жерасты суларына қайта зерттеу жұмыстарын жүргізу керек. Сондай-ақ биыл 3 жаңа шипажай ашылатынын жеткізді. Көктерек курорттық аймағын дамыта отырып, өңірге туристерді тарту мақсатында негізгі 2 бағытта жұмыс атқаруды ұсынды. Бірінші инженерлік инфрақұрылым жүйелерімен қамтамасыз ету және курорттық аймақтың заманауи көрісін қалыптастыруды қолға алу. Екіншісі қолда бар емдеу сауықтыру орындарының сервисі мен емдеу ісін жетілдіріп, келушілерге барынша ыңғайлы жағдай жасау. «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация» АҚ төраға орынбасары Асланбек Исахов сөз кезегінде кәсіпкерлерді қолдау, сондай-ақ қаржыландыру көздері туралы мағлұмат берді.


Сарыағаш Түркістан өңірінің ғана емес, Қазақстанның емдік-сауықтыру туризмін дамытуға үлес қосып отырған бірден-бір аймақ. Курорттық туризмді дамыту мақсатында ыстық су көздері, жер мәселесі, шипажай маңындағы шағын кәсіпкерлікті дамыту, қызмет сапасын арттыру және халықаралық нарыққа сапалы емдік туризмді қалыптастыру бойынша бірыңғай даму бағдарламасы жасалады. Нәтижесінде аталған бағыттағы туристердің санын арттыру көзделіп отыр.