ТҮРКІСТАН: Сарыағашта бірнеше нысан пайдалануға берілді

0
955

Ауданда шипалы минералды және термалды суларды пайдалану арқылы сауықтыру туризмі дамыған.


ТҮРКІСТАН: Сарыағашта бірнеше нысан пайдалануға берілді

Сарыағашта мереке қарсаңында бірқатар нысан пайдалануға берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституция күні қарсаңында халық игілігі үшін бірқатар нысан пайдалануға берілді. Соның ішінде Сарыағаш ауданында үш бірдей ғимараттың ашылу салтанаты өтті. Атап айтсақ, «Inju resort» шипажайы, мәдениет үйі және мектеп. Жаңа нысандардың ашылу салтанатына аудан әкімі Арман Абдуллаев арнайы барып, лентасын қиды.


Ауданда шипалы минералды және термалды суларды пайдалану арқылы сауықтыру туризмі дамыған. Қазіргі таңда шипалы суымен әлемге танылған Сарыағаш шипажайларына халық сұранысының көп болуына байланысты шипажай саны жылдан жылға артуда. Бүгін олардың қатары «Inju resort» шипажайымен толықты. Шипажайдың тынысымен танысқан аудан әкімі, жеке инвестордың алдағы жұмысына сәттілік тіледі.


Айта кетсек, «Inju resort» шипажайы заманауи құралдармен жабдықталған, барлық талапқа сай, сыйымдылығы 70 адам. Мұнда 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сарыағаш ауданында 3 мәдени тарихи нысан, 1 балалар шипажайы, 1 балалар лагері, 1 демалыс базасы және 57 емдік сауықтыру орталықтары қызмет көрсетуде.


Ал Дихан баба ауылының тұрғындарына 200 орындық жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді. Жаңа екі қабатты мәдениет үйінің ғимараты кітапхана, оқу залы, конференция мен хореографиялық бөлмелер, шығармашылық ұжымдар үшін кабинеттер, кең концерт залы, сондай-ақ заманауи музыкалық жабдықтардан тұрады. Мәдени және бұқаралық іс-шараларды өткізу үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Мәдениет үйінің салтанатты ашылу рәсімі өнерпаздардың әнімен әрленді. Ауыл ақсақалдары батасын беріп, құшағынан аналық мейірім аңқыған әжелер мәз-мейрам болып, шашу шашты. Олар аудан басшысына алғыстарын айтып, мерекелік даталарды атап өтетін, ән тыңдап жан сергітер шаңырақтың ашылғанына бек қуанышты екенін жеткізді.


Заманауи үлгідегі 300 орындық жаңа мектеп Ақжар ауылдық округі, Бағыс елді мекенінде ашылды. №23 Ғ.Мұратбаев атындағы білім ұясының құрылысы 2022 жылы басталған. Мектепте оқушылардың алаңсыз білім алуына қолайлы жағдай жасалған. Есік алдына асфальт төселген және көгалдандырылған. Мектептегі су және санитарлық байланыс құбырлары орталықтандырылған. Аталмыш мектепте үлкен дәліз, кітапхана бойынша оқу залы бар. Сондай-ақ химия, физика, еңбек және информатика кабинеттері толықтай заманауи құрал-жабдықтармен және интерактивті тақтамен жабдықталған. Тігін үйірмесіне арналған бөлме, кең спорт залы, асхана және медициналық бөлмесі бар. Өртке қарсы дабыл қаққыш, сыртқы және ішкі бейнебақылау камералары, жеделсаты да орнатылған.