Саналы ұрпақ қалыптастыру мақсатында аянбай тер төкпек.
Сарыағашта 200 орындық жаңа оқу ғимараты пайдалануға берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Білім күніне орай, Сарыағаш ауданына қарасты Дарбаза ауылдық округі, Сарысу елді мекеніндегі №40 Н.Әбдіров атындағы негізгі орта мектептің 200 орындық оқу ғимаратының құрылысы аяқталып, жаңа оқу жылында пайдалануға берілді. Білім ұясының ашылу салтанатына Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев арнайы қатысып, оқушылар мен ұстаздарды, жергілікті тұрғындарды құттықтады. Сонымен қатар құрылысқа жауапты болған мердігер мекеме «Өмірзақ» ЖШС мекемесіне алғысын білдірді.
Салтанатты шара барысында ауыл ақсақалы да құттықтау сөз сөйлеп, аудан басшысына ақ батасын берді. Ауыл тұрғындарының атынан ризашылығын білдірді. Іс-шара салтанатты түрде лента қию рәсімімен жалғасты.
Білім ұясында 16 білікті ұстаз 80 оқушыны білім мен тәрбиеге баулып, саналы ұрпақ қалыптастыру мақсатында аянбай тер төкпек. Жаңадан бой көтерген оқу ғимаратында 15 оқу сыныбы бар. Химия, биология, физика, информатика, лингофон және мультимедиялық форматтағы пән арнайы пән кабинеттері озық үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтылған. 30 орындық асхана, кең спорт залы бар. Сонымен қатар, ұлдар және қыздарға арналған шеберханаларына станоктар мен тігін машиналары орнатылған. Балалардың білім көкжиектерін жан-жақты дамыту мақсатында мектеп ішінде кітапхана да орын тепкен. Білім ордасының қауіпсіздік жағы да күшейтілген.
Айта кетсек, мектепте бұған дейін оқу кабинеттері аз болып, асхана мен спорт зал болмаған. Облыстық бюджет есебінен салынған нысанның құрылысы 2022 жылы басталып, ағымдағы жылдың білім күні қарсаңында ел игілігіне табысталып отыр.