ТҮРКІСТАН: Шардарадағы мақта қабылдау пункттері зерделенді

0
260

Диқандармен кездесуде осы саланы дамыту бағытында ұсыныстар мен мәселелер айтылды.


ТҮРКІСТАН: Шардарадағы мақта қабылдау пункттері зерделенді

Шардарада шаруалармен кездесу өткізіліп, мақта қабылдау пункттері зерделенді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев Шардара ауданына жұмыс сапарымен барды. Іссапар барысында аудан әкімі Арман Қарсыбаевпен және жауапты өкілдермен бірге аудандағы мақта қабылдау пункттері мен зауыттарын аралап, шаруалармен кездесті. Диқандармен кездесуде осы саланы дамыту бағытында ұсыныстар мен мәселелер айтылды.


«Өздеріңізбен арнайы кездесіп, «ақ алтынға» қатысты мәселелерді талқылауға келіп отырмыз. Өңір басшысы Дархан Амангелдіұлының тапсырмасымен облыста мақта кластерін қалыптастыру бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Әрине, бәрімізді биылғы баға мәселесі алаңдатып отыр. Баға экспортқа, нарыққа тәуелді. Оны жақсы білесіздер. Басты мақсатымыз – осы өсімдікті еккен шаруаларға барынша қолдау көрсету. Әрбір мақта қабылдау пункттеріндегі лобораториялардың дұрыс жұмыс істеуін, таразылардың таза болуын және шаруалардың қаржысын келісім бойынша уақтылы беру мәселелерін қарап шығудамыз. Жиын-терім науқаны ойдағыдай өтеді деп ойлаймыз», – деді Бейсен Тәжібаев.


Кездесуде диқандар жер, су, жиын-терім, өнім бағасына қатысты мәселелерді қозғады. Қазіргі кезде мақта пункттері аванс ретінде қаржы таратып жатқандарын, бірақ нақты баға белгіленбегенін жеткізді. Ал өнімді қабылдаушы тарап баға тұрақтаған соң шаруалармен толықтай есеп айырыспақ.


Облыс әкімінің орынбасары жұмыс сапарында Достық ауыл округінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесті. Қызылқұм ауыл округіндегі «АИИГ Қазақстан» ЖШС (бұрынғы «Нимэкс») мақта өңдеу зауытының жұмысымен танысты. Одан кейін Ұзыната ауыл округіндегі «Берік» шаруа қожалығының қытайлық технологиямен егілген «ақ алтын» алқабында болды. Одан кейін Алатау батыр ауыл округіндегі «АИСИСИ» ЖШС-нің мақта өңдеу зауытының жұмысымен танысып, осы саланың өзекті мәселелері бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Сонымен бірге Ұзыната ауыл округінде орналасқан «Шардара мақта» ЖШС-нің қабылдау пунктінің жұмысымен танысты. Көксу ауыл округіндегі мақта қабылдау пунктінің жай-күйі де бақыланды.


Шаруалармен кездесуде аудан әкімі Арман Қарсыбаев жиын-терім науқанындағы жағдай бақылауда екендігін жеткізді. Бүгінде Шардара ауданы бойынша 40 мақта қабылдау пункті бар. Биыл 36 мың тоннадан астам өнім жиналады деп күтілуде.


Айта кетейік, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру аясында мақта дақылы облыста 106 мың гектарға орналастырылды. Шамамен 300 мың тоннадан астам өнім жинау жоспарланып отыр. Жалпы өсімдік шаруашылығын мемлекеттік қолдау аясында, қаржылардың басым бөлігі мақта шаруашылығын дамытуға бағытталуда. «Тұқым шаруашылығын қолдау» бағдарламасы бойынша облыс әкімдігінің ұсыныстары негізінде, Қағидаға өзгерістер енгізіліп, мақта шитінің нормативтері 1,5 - 2,0 есеге дейін ұлғайды. Тұқым шаруашылығын қолдауға биыл 600 млн. теңге қаржы бөлінді. Бүгінгі күнге бағдарлама бойынша 414,1 млн. теңгеге өтінім қабылданып, мақта шаруашылықтарына 277,2 млн. теңге қаржы бөлінді. Бұл жалпы қаржының 67 %-ын құрайды.


Биыл Өзбекстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы «Тұқым шаруашылығын дамыту орталығы» мекемесімен келіссөздер жүргізіліп, сапалы (1,9 мың тонна) шитті импорттау келісіліп, 891 тоннасы сатып алынды. «Минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялау» бағдарламасы бойынша, биылдан бастап аванстық төлем жүйесі ендіріліп, отандық тыңайтқыштар 60% (ҚҚС есептемегенде) субсидияланған.


Облыстық бюджеттен 7 млрд. теңге қаржы бөлінді. Қаржының 69%-ы мақта шаруашылықтарына төленіп, 62 мың тонна тыңайтқыш енгізілді. Облыс тауар өндірушілері «Кең дала» және «Кең дала 2» несие бағдарламалары бойынша 18,8 млрд. теңгеге қаржыландырылды. Оның ішінде жоғарыда аталған салаға қатысты шаруалар 8,9 млрд. теңгеге несиелендірілген (47 %). Биыл мақта шаруашылықтарына 4 бюджеттік бағдарлама бойынша (9 685 агроқұрылымға) 5,1 млрд. теңге қаржы бөлінді. Бұл жалпы облыстың өсімдік шаруашылығына бөлінген қаржының 61%-ын құрайды. Өңірде мақта кластерін дамыту бағытындағы жұмыс жалғасады.