ТҮРКІСТАН: Созақта ауыл шаруашылығы саласы өкілдеріне құрмет көрсетілді

0
1 282

Азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды.


ТҮРКІСТАН: Созақта ауыл шаруашылығы саласы өкілдеріне құрмет көрсетілді

Созақ ауданында «Алтын күз-2023» іс-шарасы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Созақтағы «Даңқ» саябағы алдында ауыл шаруашылығы саласын қорытындылаған «Алтын күз-2023» іс-шарасы өтті. Жиын аясында арзан бағада азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ ауыл шаруашылық және жаңбырлатып суғару технологиясының көрмесі өткізіліп, асыл тұқымды мал басының түрлері тұрғындарға көрсетілді.


Мерекелік шарада барша еңбек адамдарын аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков құттықтады.


«Ауыл шаруашылығы – ауданымыздағы негізгі салалардың бірі. Ауылда өскендіктен бұл саланың ерекшелігін, қиындығын жақсы білемін. Біздің алдымызда өнім көлемін арттыру, асыл тұқымды мал басын көбейту міндеті тұр. Сіздердің еселі еңбектеріңіздің арқасында ауданымыздың агроөнеркәсіп кешені тұрақты дамып келеді. Жоғарғы кәсіби шеберлікпен еңбек етіп, ата-бабадан келе жатқан бұл саланы табысты қорытындылап отырсыздар», – деген аудан басшысы ауыл шаруашылығы бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, мол өнім алған үздік ауыл, кент округ әкімдерін марапаттады.


Барлық көрсеткіш бойынша үздік шыққан Шолаққорған ауыл округ әкімдігі 1 орын, Жартытөбе ауыл округ әкімдігі 2 орын, Созақ және Құмкент ауылдық округ әкімдігі 3 орын алды. Жәрмеңкеге тауар әкелуді ұйымдастырған үздік ауыл номинациясымен Тасты ауылдық округ әкімдігі марапатталады.


Сондай-ақ ауыл шаруашылығы бойынша жоғары көрсеткіштер көрсеткені өндірістік кооперативтер мен шаруа қожалықтарының басшылары марапатталды.


Жиында аудандық мәслихаттың төрағасы Ордабек Жәмиев, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Таңатар Жақыпбекев шаруаларды құттықтап, марапаттады.


Салтанатты іс-шара аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйі өнерпаздарының қойған концерттік бағдарламасына ұласты.


Айта кетейік, биыл теріскейлік шаруалар мол табысқа қол жеткізіп отыр. 9 ай қорытындысымен ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 12 260,5 миллион теңгені құрап отыр. 14 393 гектарға егіс егілді. Аудан шаруалары тамшылатып суару әдісін де тиімді пайдаланып, оны толыққанды меңгеруде. 5,2 га жерге тамшылатып суару әдісі енгізілді. Шолаққорған ауыл округінен «Дәмен» шаруа қожалығы 40 га жерге жаңбырлатып суару қондырғысын орнатса, бүгінгі күнге «Атамекен» шаруа қожалығында 141 га жерге жаңбырлатып суару қондырғысын орнату мақсатында бассейн қазу жұмыстарын жүргізуде.


Жыл басынан бері 20 дана жаңа ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша Созақ, Құмкент, Шолаққорған және Жартытөбе ауылдық округтері ұсынылды. Аталған ауылдық округтерінен кооперативтер құрылды. Қазіргі таңда 194 азамат құжат тапсырды. Оның ішінде 153 азаматтың құжаты 805 млн. теңгеге мақұлданып, 91 азамат 447,860 млн. теңге жеңілдетілген несие алды.


Ауданда төрт түлік мал басы да көбейіп келеді. 47 777 бас мүйізді ірі қара, 286 364 бас қой, 38 478 бас ешкі, 32 440 бас жылқы, 16 027 бас түйе, 38637 бас құс өсірілуде.