Барлық құзырлы органдар күшейтілген жұмыс режиміне көшті.
Түркістан облысында барлық су нысандарында тәулік бойғы кезекшілік ұйымдастырылып, жағдай тұрақты бақылауға алынған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында стратегиялық маңызы бар облыстық меншіктегі барлық су нысандарында тәулік бойғы кезекшілік ұйымдастырылып, жағдай тұрақты бақылауға алынған. Барлық құзырлы органдар күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Апаттық жағдайлардың алдын алу шаралары жан-жақты жүргізіліп жатыр. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды кезекті рет салаға жауапты барлық басшылардың басын қосып, мәселені егжей - тегжейлі талқылап, жұмыстар сараланды.
Отырар ауданы аумағындағы Сырдария өзені бойындағы қорғаныс дамбалары 10 жерінен нығайтылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табуда. Сонымен қатар дайындалған қаптың саны 48 мыңға жеткізіліп, инертті материалдардың қоры арттырылуда (1000 мың тн. болған). Дайындыққа келтірілген мотопомпалар саны 144 дана. Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент тарапынан жалпы 2 мыңнан астам жеке құрам, 424 бірлік техника, 5 қайық дайындалған.
Өңірде көктемгі су тасқынының алдын алу және төтенше жағдайға қарсы дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. Су арналары тазартылып, таулы аймақтарда апаттың алдын алу бойынша жұмыстар күшейтілді. Жиналыста Төлеби, Келес және Сарыағаш аудандарының әкімдері мен жауапты басқарма басшылары атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
«Біз су тасқынына 100 пайыз дайын болуымыз керек. Облыс әкімдігінің құзырындағы барлық су нысандары талапқа сай, алдын алу шаралары бойынша жұмыстар сапалы атқарылуы қажет. Сырдарияны реттеу бойынша республикалық меншіктегі «Шардара», «Көксарай» су айдындары бойынша біздің тараптан берілетін ұсыныстар уақытында жеткізілді. Шешім күтеміз. Әріптестер, дайын болыңыздар», – деді облыс әкімі.
Таулы аймақтағы аудандармен (Кентау, Түлкібас, Қазығұрт, Төлеби, Сайрам) өтетін өзен бойларында жалпы 100-ден астам су тасқыны және сел қауіпті учаскелер есепке алынған. Бұл аумақта 3 мыңнан астам тұрғыны бар 46 елді мекен орналасқан. ТО ТЖД бастығы полковник Нұрғали Жүнісовтің баяндауынша, Сырдария өзені бойында 4 ауданның 22 елді мекені орналасқан.
Соңғы аптада жалпы облыс аумағында 51 шақырым канал, 31 шақырым арық-атыздар механикалық тазартудан өткізілді. Бөген өзенінде 4,2 шақырым жаға бекіту, нығайту жұмыстары жүргізілді, Сондай-ақ 14 шақырым қашыртқы арналардың түбі тереңдетіліп, кеңейтілді.
«Бүгінге «Шардара» су қоймасына секундына 1531 текше келіп, қоймадан жалпы 1111 текше метр шығарылуда (Сырдария – 800, Қызылқұм – 11, Арнасай – 300) нақты көлемі 84 пайызға яғни, 4 млрд. 373 млн. текше метрге жетті. Бос қор – 16 пайыз. «Көксарай» су реттегішінің бас тоспасына секундына 800 текше метр келіп, оның 200 текше метрі «Көксарайға» қабылданып, Қызылорда облысына 600 текше метр жіберілуде. Нақты көлемі 40 пайыз – 1 млрд. 198 млн текше метр. Бос қоры – 60 пайыз», – деді Н.Жүнісов.
«Бөген», «Қосқорған», «Ырмақ-Өзен», «Майдантал» су қоймалары, Арыс, Түркістан, Қараспан магистралды каналдары және Қараспан, Орта Ақсу, Жоғарғы Ақсу су тораптарында механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Күнделікті мониторинг жұмыстары жүргізілуде. «Бөген» су қоймасындағы судың көлемін 70 % дан асырмай, келген суды транзиттік көлемде қашыртқы арқылы Жетікөл көлдер жүйесіне тастау жоспарланды. Арыс магистралды каналы арқылы су қоймаға келіп жатқан суды апатсыз жеткізу үшін мұз жару жұмыстарына экскаватор, қоймаға келетін Бөген өзені мен Бөген қашыртқысына экскаваторлар кезекшілікке қойылды. «Қосқорған» су қоймасынан су тасталынатын Қарашық қашыртқысының Құсшы Ата елді мекені бөлігіндегі қолданыстағы көпірдің су өткізу қабілеті 10,0 м3/сек. Көктемгі тасқын су кезеңдерін апатсыз өткізу мақсатында қашыртқыларды меншік иелері тарапынан тазалау жұмыстарын жүргізу үшін, іс-шаралар жоспары әзірленіп, жұмыстары жүргізілуде», – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржігіт Мырзахметов.
«Казгидромет» РМК болжамына сәйкес, Түркістан облысы аумағында 31 қаңтар мен 3 ақпан аралығында қатты жауын-шашын болып, ауа температурасы +12 градусқа көтерілетіндігі көрсетілген. Жиналысқа қатысқан мамандар ауа райының жылынуы облыстың таулы жоталарынан бастау алатын Арыс, Келес, Бадам, Боралдай, Ақсу, Шаян өзендерінде судың деңгейін көтеріп, ол Сырдария өзеніне құйылып, жағдайды күрделендіретінін ескертті.