ТҮРКІСТАН: Су үнемдеу технологияларын шығаратын зауыттар көбейеді

0
450

Су үнемдеу технологиясын енгізуді кешеуілдетіп жатқан аудан, қала басшыларына ескерту жасап, ширақтық танытуды жүктеді.


ТҮРКІСТАН: Су үнемдеу технологияларын шығаратын зауыттар көбейеді

Түркістан облысында су үнемдеу технологияларын шығаратын зауыттар саны артады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында су үнемдеу технологиясын енгізу жұмыстары жүріп жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты мекемелер мен аудан, қала әкімдерінің басын қосып, осы саладағы жұмыстарды жүйелеу мақсатында мәжіліс өткізді. Су үнемдеу технологиясын енгізуді кешеуілдетіп жатқан аудан, қала басшыларына ескерту жасап, ширақтық танытуды жүктеді.


«Мемлекет басшысы агросаланы су үнемдеу технологиясын енгізе отырып дамытуды тапсырды. Өңірімізде су үнемдеу технологиясын шығаратын зауыт іске қосылды. Оның өнімін тұтыну бойынша облысымыз көш бастауы керек еді. Бірақ әлі де жүйелі жұмыс көрмей тұрмын. Жауапты басқарма аудан, қала әкімдіктерімен бірлесіп, шаруаларға су үнемдеу технологиясын енгізу жолдарын түсіндірсін. Оларға көмектесіңіздер. Сонда ғана қозғалыс болады. Аудан, қала әкімдеріне су үнемдеу технологияларын ендіру жоспарын мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Индикаторға енгізіліп, рейтинг жасалады. Жұмысты дұрыс үйлестіре алмаған басшылардың жауапкершілігі қаралады. Тамшылатып және жаңбырлатып суғару алқаптарын еселеп арттыру – уақыт талабы», – деді Дархан Сатыбалды.


Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов су үнемдеу технологияларын енгізу және осы бағытта өндірістік кәсіпорындар ашу мәселесі бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен жоспарларды баяндады. Биыл облыста 22442 гектар жерге су үнемдеу технологияларын ендіру көзделген. Бүгінде 4 мың гектарға жуығына ендірілген. Қалғанында жұмыс жүріп жатыр.


Мәжілісте «Тұран су» мекемесі жанынан су үнемдеу технологияларын шығаратын өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар да сарапталды. Екі ай көлемінде Саурандағы өнеркәсіптік аймағында тамшылатып суғару құбырын, шланг және өзге де құрылғылар шығару бойынша бірнеше жоба жүзеге асып, кәсіпорындар іске қосылады. Инвесторлармен келісім жасалған.


Жиын соңында аудан, қала әкімдеріне жұмысты жандандыру, жауапты басқармаға тамшылатып суғару технологиясын ендіруші шаруа қожалықтары мен мердігерлерге тиісті қолдау көрсету тетігін жетілдіру жөнінде тапсырма берілді. Сонымен бірге су үнемдеу технологиясына бет бұрған кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарын сүйемелдеу, қолдау көрсету жұмыстарын жандандыру тапсырылды.