ТҮРКІСТАН: Төлеби ауданында көпір пайдалануға берілді

0
199

Мердігер мекеменің жауапсыздығы салдарынан көпір құрылысы аяқталмай қалған.


ТҮРКІСТАН: Төлеби ауданында көпір пайдалануға берілді

Төлеби ауданы, Қаратөбе ауылдық округіндегі Балдыберек өзені арқылы өтетін көпір ел игілігіне пайдалануға берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Аудан орталығынан шалғай орналасқан Қаратөбе, Қостөбе ауылдық округтерінің тұрғындары көктем айларында Балдыберек өзенінің тасуы кезінде жол қатынасы тұрғысында көптеген қиындықтарға кездесетін. Сондықтан да бұл мәселе бірнеше жылдардан бері күн тәртібінен түспей келе жатқан еді. Халықтың сұранысымен көпірдің құрылыс жұмыстары басталып, 2019 жылы пайдалануға беру жоспарланған болатын. Мердігер мекеменің жауапсыздығы салдарынан көпір құрылысын аяқталмай, ол бес жыл көлемінде шешімін күткен мәселенің біріне айналды.


Кейіннен аудан әкімдігінің аудандық мәслихатпен бірлесе атқарған жұмысының нәтижесінде Қостөбе елді мекеніндегі Балдыберек өзені арқылы өтетін көпірді күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Құрылыс жұмыстарын мердігер «ABC Group KZ» ЖШС жүргізді. Жоба құны – 38 311,0 мың теңге.


Екі елді мекенді байланыстырған қатынас құралының құрылыс жұмыстарын бақылаған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Түркістан облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасы басшысының орынбасары Әсілбек Сәбит Төлеби ауданы арнайы іссапармен келді.


Пайдалануға берілген көпірдің жай-күйімен танысып, халықтың көптен күткен қуанышына ортақтасып, тұрғындармен тілдесті.


Ауыл тұрғындарының атынан ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділ Оразов сөз алып, ризашылығын білдірді. «Ұзақ жылдан бері осы мәселені көтеріп келдік. Міне, бүгін көптен күткен арманымыз орындалып отыр» деді зейнеткер.