Мердігер мекемеге нысанды сапалы әрі уақытылы аяқтау тапсырылды.
Түлкібас ауданында биыл 4 елді мекенде жаңа медициналық нысан пайдалануға беріледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түлкібас ауданында "Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында көп жылдан бері аймақта өзекті болып келген медицина саласындағы түйіткілді мәселелер шешімін тауып келеді. Мәселен, соңғы жылдары аудан орталығынан шалғай жатқан Келтемешат, Рысқұл, Ақбиік және Шұқырбұлақ елді мекендерінде заманауи жаңа медициналық емханалар құрылып ел игілігіне берілді. Онда жалпы дәрежелі дәрігер, фельдшер және медбике сынды мамандар халыққа қызмет көрсетіп келеді. Бұдан бөлек обиыл өңірдегі Абайыл, Тастыбұлақ, Мақталы және Шақпақ-баба елді мекендерінде заманауи медициналық нысандардың құрылысы басталған.
Соның бірі Абайыл елді мекеніндегі медициналық мекеменің құрылыс алаңына облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Мердігер мекемеге нысанды сапалы әрі уақытылы аяқтау тапсырылды.
Айта кетерлік, алдағы уақытта елді мекен тұрғындарына қолжетімді медициналық көмек көрсету мақсатында аудан аумағындағы медициналық мекемелерді қажет ететін 11 елді мекенге кезең-кезеңімен жаңа нысандар салу жұмыстары жалғасын таппақ.