Шараның мақсаты – ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың негізгі мәселелерін және мемлекеттік табиғи қорығы қорының нысандарын сақтап қалуға жалпы жұртшылықтың назарын аудару.
Түлкібаста «Парктер шеруі» табиғатты қорғау акциясы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түлкібас ауданының орталық саябағында «Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығының» және аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен «Парктер шеруі – 2024» табиғатты қорғау акциясы өтті. Акцияға аудан әкімінің орынбасары Е.Орманов, «Ақсу-Жабағлы» мемлекеттік табиғи қорығының директоры С.Қынтаев, «AMANAT» партиясы Түлкібас аудандық филиалының атқарушы хатшысы Е.Жүнісов арнайы қатысып, сөз сөйлеп, жастарға іс-шараның маңыздылығын жеткізді.
Шараның мақсаты – ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың негізгі мәселелерін және мемлекеттік табиғи қорығы қорының нысандарын сақтап қалуға жалпы жұртшылықтың назарын аудару. Табиғаттың қаймағы бұзылмаған керемет орындарын қаз қалпында сақтап, келешек ұрпаққа табыс ету.
Аталған шараға аудан жастары белсене қатысып, көпшілікті қоршаған ортамызды қорғауға, табиғатты аялауға атсалысуға шақырды. Акция барысы тақырыпқа сай концерттік бағдарламамен жалғасып, шара соңы орталық саябақ аумағын көгалдандыру мақсатында тал көшеттерін отырғызумен түйінделді.
Айта кетсек, «Парктер шеруі» табиғат қорғау акциясы АҚШ-тан бастау алып, әлемнің көптеген елдерінде 1990 жылдан, ал Қазақстанда 1996 жылдан бастап ұйымдастырылып келеді.