ТҮРКІСТАН: Түлкібаста Рәміздер күнінде дүниеге келген үшем бір жасқа толды

0
1 701

Аудандық әкімдік өкілдері арнайы құттықтап, сый-сыяпат жасады.


ТҮРКІСТАН: Түлкібаста Рәміздер күнінде дүниеге келген үшем бір жасқа толды

Түркістан облысы, Түлкібас ауданында Қазақстан Республикасының рәміздері күнінде дүниеге келген үшемдерді аудан әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев 1 жасқа толуымен арнайы құттықтады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Алты баланы дүниеге әкеліп қызығын көріп отырған алтын құрсақты ана Мәдина гүл шоқтарын ұсынып, бөбектерге сый-сияпат табыстады.

«Ауданымыздың демографиясына елеулі үлес қосып, аман-есен үшемдерді дүниеге әкеліп, өсіріп жатырған сіздерге алғыс айтамыз. Бөбектеріңіз денсаулықтары мықты боп, егеменді еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосатын үлкен азаматтар болсын. Биіктерден көрінулеріне тілектеспіз. Сіздерді жақсы жетістіктерімен қуанта бергей!», - деді Ерлан Бақытжанұлы.

Айта кетейік, Т.Рысқұлов ауылының тұрғыны Кенжалы мен Мәдина Серікбаевалардың отбасында өткен жылы 4 маусымда үшем дүниеге келгені хабарланған болатын. Міне, сол үшемдер - Бекнұр, Ернұр, Балнұр 1 жасқа толды. Дендері сау, сергек, жүруге талпынып жүр.

Серікбаевтардың отбасында бұған дейін 2 ұл, 1 қыз болса, үшемдермен 6 перзентке толықты. Балаларының алды 15 жаста. Қолындағы қарт аналары Дариха әже мен үлкен балалары ата-анасына көмекші болып, үшемдерді бағуға жәрдемдесуде.

Бөбектерді өсіру отбасына оңайға соқпапты. «Маған Құдай осыларды бағыссын деп қуат беріп қойған ғой» дейді 83 жастағы Дариха әже.

Мәдениет қызметкері, ақын Тұрысбек Келімбетов үшемдер мен анасына арнау айтып, ізгі тілектерімен әсем жырдан шашу шашты. Дариха әже немерелерін құттықтап, ізгі ниеттерін жеткізген аудан әкімдігі қызметкерлеріне алғыс айтып, ақ батасын берді.