Өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту, ауылдарды абаттандыру, тазалық жағдайын жақсарту мәселесі маңызды екенін жеткізді.
Түркістан облысының әкімі Дарханг Сатыбалды Түлкібас ауданы тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Кездесуде ауданды дамыту, инфрақұрылмын жақсарту, атқарылған жұмыстар және алдағы жоспарлар талқыланды. Өңір басшысы билік пен халық бірлесе жұмыс атқарса ғана аймақ дамитынын айтты. Өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту, ауылдарды абаттандыру, тазалық жағдайын жақсарту мәселесі маңызды екенін жеткізді.
«Нәтижеге қол жеткізу үшін әкімдіктер мен халық бірлесе жұмыс істеуі керек. Мысалы, елімізде «Таза Қазақстан» акциясы жүріп жатыр. Өкінішке қарай, әзірге негізінен бюджеттік мекеме қызметкерлері ғана белсенді атсалысуда. Күл-қоқысты көріп өскен бала оны қалыпты жағдай деп қабылдауы мүмкін. Сондықтан қоршаған ортаны таза ұстап, тұтас ел болып үлгі көрсетуіміз керек. Таза елге береке келеді, тұрақты елге инвестиция тартылады. Осы бағытта бірлесе жұмыс істеуге шақырамын. Түлкібас ауданының мүмкіндігі жоғары. Өндірісті, туризмді дамытуға қолайлы. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Түлкібас ауданында 2023 жылы 9 елді мекенде 20 жобаны іске асыруға қаржы бөлініп, тиісті жұмыс жүрді. Атап айтқанда, Майтөбе және Азаттық елді мекендеріндегі 49 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Ынтымақ елді мекеніндегі мектеп күрделі жөндеуден өтуде, биыл пайдалануға тапсырылады. Таусағыз елді мекенінде 150 орынға арналған мектептің қосымша корпусы аяқталып, пайдалануға тапсырылды. Ақбиік, Келтемашат, Рысқұл, Шұқырбұлақ елді мекендерінде фельдщерлік-акушерлік пункттердің құрылысы жүргізілді. Кершетас елді мекенінде мәдениет клубы салынып, пайдалануға берілді. 2023 жылы «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 1,6 млрд. теңгеге 243 жоба қаржыландырылды. Сондай-ақ «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылдық жерлерге жолданған жас мамандарға қолдау көрсету мақсатында 59 маманға 20 млн. теңге көтерме жәрдемақы, 10 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 52 млн. теңге көлемінде бюджеттік несиелер берілді. Илон Масктың «Starlink» спутниктік интернет құрылғысын орнату жұмыстары басталып, Түлкібас ауданында 31 мектепте толық іске қосылды», – деді Дархан Сатыбалды.
Жалпы, Түлкібас ауданының негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде өсім байқалады. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 21 пайызға өсіп, 2023 жылы 99,5 млрд. теңгеге жетті. Биыл 5 айда бұл көрсеткіш 30,4 млрд.теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 8 пайызға өскен. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 33 пайызға өсіп, 9 мыңнан асты. Олардың өндірген өнім көлемі 58 млрд. теңгені құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 14 млрд. теңгеге немесе 31 пайызға өскен. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 15 млрд.теңгеден асып жоспар 1 млрд.теңгеге артығымен орындалған. Құрылыс жұмыстарының көлемі соңғы 2 жылда 30 пайызға өсіп, 2023 жылы 6,4 млрд. теңгеден асқан.
Жиында аудан әкімі Нұржан Ізтілеуовтің есебі тыңдалған соң, тұрғындардың сұрақтары мен өтініштеріне кезек берілді. Тұрғындар тарапынан ауданды дамытуға қатысты түрлі сұрақ қойылды. Мәселелер назарға алынды.
Облыс әкімі инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстарды күшейту керектігін тапсырды.
Кездесуден кейін Дархан Сатыбалды аудан тұрғындарын жеке қабылдады. Оған басқарма басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері де қатысты. Әрбір өтініш хаттамаға енгізілді, олар бойынша тиісті жұмыс жүреді.