ТҮРКІСТАН: «Turan» арнайы экономикалық аймағын құру жұмыстары талқыланды

0
757

3595 жұмыс орнын ашатын ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.


ТҮРКІСТАН: «Turan» арнайы экономикалық аймағын құру жұмыстары талқыланды

Түркістанда «Turan» арнайы экономикалық аймағын құру жұмыстары талқыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Мемлекет басшысының Түркітілдес елдерді біріктіретін арнайы экономикалық аймақ құру туралы тапсырмасы аясында Түркістан қаласында «TURAN» арнайы экономикалық аймағы құрылмақ. Ол қолданыстағы «TURKISTAN» АЭА аумағында құрылатын болады. «TURAN» АЭА аумағында қолданыстағы заңнамада шектеу қойылған қызмет түрлерінен басқа экономикалық қызмет түрлерінің «өңдеу өнеркәсібі» секциясына жататын қызметтің барлық түрі қамтылады. Аймақта халықаралық, өңірлік стандарттары және дауларды шешуде британдық (Арбитраж) құқықты қолдану мүмкіндігі қарастырылған. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды маңызды жобаның жүзеге асыру барысын талқылау мақсатында жауапты сала басшыларының басын қосты.


«Біздің басым бағыттардың бірі – өндіріс және жұмыс орындарын ашу. Осы бағытта бар мүмкіндікті қарастырамыз. Бұл ретте Түркі мемлекеттерінен де инвестиция тартудың маңызы зор», – деді өңір басшысы.


Қараша айында Самарқанд қаласында (ӨР) Түркітілдес Мемлекеттер Ұйымына мүше елдердің Мемлекет басшыларының қатысуымен өткізілген Саммитінде «TURAN» АЭА құру туралы Қазақстан Республикасының бастамасы барлық мүшелер тарапынан қолдау тапты. Негізгі мақсат – Түркістан қаласын жеделдете дамыту және Түркістан қаласының инвестициялық әлеуетін жоғарылату. Оның аумағы 4 гектарды құрап, 6 қосалқы аймақтан тұрады. Олар: Тарихи орталық, Әкімшілік-іскерлік орталық, Greenfield (Оранғай ауылы), Brownfield өнеркәсіптік қосалқы аймағы (Кентау қаласы) және Түркістан қаласы мен халықаралық әуежай аумағы.


Облыста 2022-2026 жылдар аралығында жүзеге асырылатын жалпы құны 1,9 трлн. теңгеге 9596 жаңа жұмыс орынын құрайтын 71 инвестициялық жобаның тізбесі қайта өзектендірілді. Оның ішінде шетелдік капиталдың қатысуымен жалпы құны 225,6 млрд. теңгеге 915 жұмыс орнын құрумен 9 жоба бар. Жыл соңына дейін жалпы құны 29,9 млрд. теңгеге 1197 жұмыс орнын құрумен 25 инвестцииялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Қазіргі уақытта жалпы құны 17,7 млрд. теңгеге 1 мыңға жуық жұмыс орнын ашумен 18 инвестициялық жоба іске қосылды. Одан бөлек, облыста өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін жалпы құны 1,4 трлн. теңгеге 3595 жұмыс орнын ашатын ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.