​ТҮРКІСТАН: Үздік әлеуметтік жобалар жәрмеңкесі өтті

0
1 067

Жалпы жәрмеңкеге 20-ға жуық жоба ұсынылды.


​ТҮРКІСТАН: Үздік әлеуметтік жобалар жәрмеңкесі өтті

Түркістан облысында үздік әлеуметтік жобалар жәрмеңкесіне жалпы 20-ға жуық жоба тапсырылып, комиссия шешімімен 11 жобаға 2,1 млн. теңге көлемінде қаржылай кіші гранттар тапсырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жеңімпаз жобалардың ішінде экологиялық, рухани-мәдени, еріктілік, жастармен және мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс салалары орын алды. Марапаттау жиыны жаңадан ашылған Азаматтық бастамаларды қолдау үйінде өткенін атап өткен жөн. Сонымен қатар, жиынның негізгі бөлігінде Түркістан облысы Азаматтық Альянсы заңды тұлғалар бірлестігінің жылдық қорытынды есебі өтті.

Шарада алғаш болып сөз алған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов болашақта бұл орын азаматтық сектор өкілдерінің ортақ шаңырағына айналатындығына сенім білдірді.

«Келесі жылдан бастап үкіметтік емес ұйымдарды қолдау мақсатында ұзақ мерзімді яғни 2-3 жылдық жобаларды енгізу жолдарын қарастырудамыз. Бұл жобалар негізгі үш бағытта атқарылатын болады. Олар: экология, жастар, волонтерлар бағытында болмақ», - деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ, Түркістан облысы «Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар қоғамдық бірлестігінің президенті Шәріпбек Жамалбек биылғы жылы атқарылған жүйелі жұмыстарды баяндап, 2020 жылы алға қойылған мақсаттарға кеңінен тоқталды.

Сондай-ақ, мәжілісте үздік әлеуметтік жобалар жәрмеңкесінде жеңімпаз атанған азаматтар марапатталып, қаржылай сыйлықтарға ие болды.

Айта кетейік, қазіргі таңда Түркістан облысында әділет департаментінен алынған мәліметке сәйкес тіркелген қоғамдық бірлестіктердің жалпы саны – 181-ді құрады. Облыста республикалық 6 саяси партияның филиалдары тіркеліп, жұмыс жүргізуде.