Қазақстан бойынша өткізілетін республикалық чемпионатқа Түркістан облысы 2015 жылдан бастап қатысып келеді.
Түркістанда өткен «WORLDSKILLS TURKISTAN-2023» облыстық байқауында жаңа жобалар мен идеялар ұсынылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім ұйымдарының білім алушылары арасында «WORLDSKILLS TURKISTAN-2023» облыстық кәсіби шеберлік чемпионаты басталды. WorldSkills – жұмысшы мамандығының мәртебесін арттыру және дәріптеу, кәсіптік білім берудегі техникалық, қызмет көрсету және құрылыс салалары бойынша қатысушылардың дайындығын, кәсіптік біліктілігін, шығармашылығы мен жоғары еңбек мәдениетін, заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологияларды іс жүзінде қолдана алу біліктілгін сынау бағытындағы қозғалыс. Ол әлемнің 82 мемлекетінде кең таралып, тұрақты үрдіске айналған ерекше жобалардың қатарында. Қазақстан бойынша өткізілетін республикалық чемпионатқа Түркістан облысы 2015 жылдан бастап қатысып келеді.
Биылғы облыстық чемпионат 24-28 сәуір күндері Түркістан қаласында өткізіледі. Бүгін «Конгресс Холл» кешенінде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев инновациялық жобалар көрмесін аралап, салтанатты жиында чемпионатты ашық берді. Байқаудың ұйымдастырудың маңыздылығына тоқталып, жастардың жұмыстарын оң бағалады.
«WORLDSKILLS TURKISTAN-2023» байқауы арнаулы оқу орындарындағы инновациялық жобаларды көбейтуге және күшейтуге тікелей септігін тигізеді. Өткен жылы республикалық сайыста Түркістан облысының жастары 9-орынды иеленген. Биыл мұнан да жоғары белестерді бағындыруға мүмкіндік бар. Өйткені, байқау студенттердің жаңа қызығушылықтармен айналысуына, идеяларды іске асыруға, ұмтылысын арттыруға жол ашып, қалыптастырады. Жаңа бизнестік жобалар мен идеяларға, сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеу маңызды. Өңіріміз аграрлы аймақ болғандықтан өндіріске, ауыл шаруашылығына, инновациялық жобаларға басымдық беріп, перспективаларды белгілеп, жетілдіре түсуіміз керек. Арнаулы оқу орындарына артылатын жауапкершілік жоғары. Осы жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен жастарға ең төменгі әрі жеңілдетілген 2,5 пайыздық несие беріледі. Түркістан облысына 2,9 млрд. теңге қарастырылды. Мұндай мемлекеттік бағдарламаларға жастарды көбірек тарту жоспарлануда. Түркістан өңірінде 52 колледж жұмыс істейді. 35 мыңнан астам студент білім алады. Министрлік пен облыс әкімдігі білім саласына мүмкіндігінше қолдау көрсетіп келеді. 2022-2023 оқу жылына 15300 грант бөлініп отыр. «Жас маман» бағдарламасы аясында өңірде 9 колледж қажетті құрал-жабдықтармен қамтылды. Бұл бағытта жұмыс жалғасады. Сайысқа қатысушы жас өрендерге сәттілік тілейміз», – деді Бейсен Дәулетұлы.
Чемпионатқа 47 колледжден 33 құзіреттілік бойынша 214 студент бақ сынауда. Биыл алғаш рет ерекше білім беруді қажет ететін балалардың қатысуымен «ABILYMPICS TURKІSTAN – 2023» сайысы да өткізіледі.
Атап өтейік, облыстық чемпионатта студенттер техникалық, құрылыс, ауыл шаруашылығы, ІТ саласы, техникалық қызмет көрсету, көлік, білім беру, тамақтандыруды ұйымдастыру мамандықтары бойынша сайысады. Мәселен, электромонтажды жұмыс, сантехника және жылыту, автокөлікті жөндеу, электроника, мобильді қасымшалар әзірлеу, графикалық дизайн, вэб-технологиялар, мобильді робототехника, сән технологиясы, мейрамхана қызметі секілді ерекше жобалар бар.
Жекелеген құзыреттіліктер бойынша чемпионат кезеңдері облыстағы 7 колледж базасында өтеді. Жеңімпаздарға І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдары мен қаржылай сыйлық тапсырылады. Чемпионаттың І дәрежелі диплом иегерлері «WORLDSKILLS KAZAKHSTAN - 2023» республикалық ұлттық чемпионатына жолдама алады.