ТҮРКІСТАН: Жастар арасында жемқорлыққа қарсы спартакиада өтті

0
822

Жеңімпаздар ұйымдастырушылардың арнайы дипломдарымен, бағалы сыйлықтарымен марапатталды.


ТҮРКІСТАН: Жастар арасында жемқорлыққа қарсы спартакиада өтті

Жетісай ауданында «Алға жемқорлықсыз Қазақстан!» ұранымен жастар спартакиадасы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен Қазақстан Ресрубликасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында аудан аумағында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Алға жемқорлықсыз Қазақстан!» ұранымен жастар спартакиадасы өтті.

Шараның ашылу салтанатына аудандық ішкі саясат бөлімінің бас мамандары Бекарыс Әбілдаев пен Ақжарқын Нөкерәулеті, «Ғ.Мұратбаев» атындағы Жетісай гуманитарлық-техникалық колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұрхал Жетібаева, спорт майталмандары мен ардагерлері қатысты.

«Біз, жастар – еліміздің болашағы, ата-анамыздың үмітіміз. Тәуелсіз Отанымызды әлемдік ареналарда мойындатуға, беделін сақтап қалуға тиісті тұлғалармыз. Сондықтан, бүгінгі қоғамды жегі құрттай жеп отырған дерт – сыбайлас жемқорлықпен бірігіп күресуіміз, жарқын болашағымызды бірге қалыптастыруымыз керек. Ол үшін дені сау орта, салауатты қоғам, жемқорлыққа қарсы мәдениеті дамыған тұлға қалыптастыру аса маңызды», - деген аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Бекарыс Әбілдаев спартакиадаға қатысушыларға сәттілік тіледі.

Сонымен қатар, аға буын өкілдері жастарды елдегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырып, жемқорлық белгілері болып табылатын жағдаяттарға тоқталды. Қызметтік бабын асыра пайдаланып, жеке бас пайдасының табысын арттыруға жасалған қылмыстардың салдарымен, заңда белгіленген жауапкершіліктерін сөз етті. Әлемдік деңгейдегі қанатын кеңге жайған індетке қарсы мәдениетті қалыптастырып, адалдық жолынан адаспауға шақырды.

Жоғары деңгейде ұйымдастырылған шараға аталмыш оқу орнынан 30-ға тарта команда қатысып, кіші футбол, арқан тарту, үстел теннисі, қол күресі және волейбол секілді спорт түрлерінен өзара мықтыларды анықтады.

«Бүгінгі шараның біз үшін маңызы жоғары. Өйткені, біз спартакиадаға белсене қатысу арқылы жемқорлыққа, зиянды әдеттерге қарсы өзіміздің көзқарасымызды білдіре алдық. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда, онымен күрес жүргізуді біздің колледжде жиі басқосулар, дөңгелек үстелдер мен пікірсайыстар өтіп тұрады. Бұл спаорттық жарыс та сондай маңызы жоғары шаралардың бірі деп білеміз», - дейді «Ғ.Мұратбаев» атындағы Жетісай гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті Аружан Нұржанқызы.

Спартакиада соңында белсене қатысып, жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленген жекелеген ойыншылар мен жүлделі орындарға ие болған командалар, жеңімпаздар ұйымдастырушылардың арнайы дипломдарымен, бағалы сыйлықтарымен марапатталды.