Турнир кестесінде ІІ орынға табан тіреді.
Жетісай ауданында Қазақстан бірінші лигасының кезекті туры өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Жетісайлықтар Оралдың «Ақжайық» командасын қабылдады. Кездесудің алғашқы таймының бірінші жартысында қарсылас команданың қарым-қабілетін бағамдаған жетісайлықтар қорғанысты күшейтті. Ойынның 37-ші минутында Жетісай командасының сұрмергені, Рамазан Абылайхан есепті ашса, 43-ші минутында Әділет Омарбек есепті еселеді. Осылайша алғашқы таймды 2:0 есебімен аяқтаған аяқдопшылар ойынның 63-ші минутында Асылжан Асатулланың салған голымен ойынды қорытындылады.
Тартысты ойынды тамашалап, жергілікті командаға жанкүйер болған Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен ел азаматтары кездесуден соң теңбіл доп шеберлерін жеңістерімен құттықтады. 16-тамыз күні «Екібастұз» құрамасымен өтетін кезекті кездесуде жеңіс тұғырынан көрінулеріне тілектестік білдірді.
Айта кетейік, «Ақжайық» құрамасын айқын басымдықпен жеңген «Жетісай» командасы 18 кездесуде 34 ұпай еншілеп, турнир кестесінде ІІ орынға табан тіреді.