ТҮРКІСТАН: Жетісай театры Қызылорда облысында өнер көрсетті

0
493

Отбасын жасайтын және нығайтатын күш – махаббат.


ТҮРКІСТАН: Жетісай театры Қызылорда облысында өнер көрсетті

Жетісай драма театры Қызылорда облысында өнер көрсетті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облыстық Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры Қызылорда облысына гастрольдік сапармен барып қайтты. Өнер ұжымы Жаңақорған ауданына қарасты ауылдарда және аудан орталығында бірнеше қойылымдарды сахналады.


Театр труппасы Қожакент және Бірлік ауылдық округіндегі мәдениет ошақтарында драматург А.Бекмухаметовтың «Тастамашы анашым» драмасын және драматург В.Орловтың «Алтын балапан» ертегісін көрермен назарына ұсынды.


Отбасын жасайтын және нығайтатын күш – махаббат. Әке мен шешенің балаларға деген адал, шын берілген махаббаты басқа бір жақтан, сырттан келетін шабыт немесе таң шапағы емес. Махаббат дегеніміз – орасан зор еңбек. Осынау қасиеттерден жұрдай болған отбасының балалары жетімдіктің қамытын киеді. Топ етіп жетімдер үйіне түседі. Одан кейінгі өмір «Тастамашы анашым» драмасындағыдай тағдыр талауына түседі. Ғасырлар өтсе де жетімнің күйі өзгермеген. Басқа түскен тауқымет, күштінің әлсізді жаншуы –драманың өзегі .


Жетісай драма театрының әртістері драманың тақырыбын аша білді. Отбасында өзара сүйіспеншілік болғанда ғана отбасылық тұрмыс зор бақытқа кенелетінін шынайы ойындарымен көрсетті. Ал қызықты ертегі «Алтын балапан» жаңақорғандық жас көрерменнің қуанышына айналды. Әдемі оқиға, әсерлі музыка балалардың жүздеріне жылылық, күлкі оятты.


Гастроль мақсаты – көрерменді рухани азықпен сусындатып, өнердің құдіретін сезіндіру, отаншылдық қасиетті дарыту, туған тілдің айбынын асқақтату.