ТҮРКІСТАН: Жетісай жастары қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

0
686

Арнайы бейнефильмдер көрсетіліп, тағылымды әңгімелер айтылды.


ТҮРКІСТАН: Жетісай жастары қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

Жетісайда Саяси қуғын–сүргін және аштық құрбандарын еске алу күнінде ауқымды шара өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


31 мамыр – Саяси қуғын–сүргін және аштық құрбандарын еске алу күнінде Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімі мен аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен «Жетісай» мәдениет үйінде ауқымды шара өтті.


Аудан жастарының қатысуымен бір минуттық үнсіздікпен басталған шарада ел басына қара бұлт боп төнген сол бір қайғылы жылдардың ауыр зардаптары туралы кеңінен баяндадлы. Арнайы бейнефильмдер көрсетіліп, тағылымды әңгімелер айтылды.


ХХ ғасырдың басындағы күштеп ұжымдастырудың салдарынан болған қолдан жасалған ашаршылықта мыңдаған қазақ аштан қырылса, 1 миллионға жуық қандасымыз атажұртты тастап өзге елде бас сауғалады. Ал елінің бас көтерер азаматтарына «ұлтшыл» деген айып тағылып, «халық жаулары» атанды. Итжеккенге жер аударылып, еңбекпен түзеу лагерлеріне жабылып, жазықсыздан-жазықсыз ату жазасына кесілді.


«Саяси қуғын-сүргін құрбандарының жарлары да, отбасылары мен туыстары да ауыр жазаға ұшырады. Бұның бәрі де қылышынан қам тамған Кеңестік дәуірдегі солақай саясаттың кесірінен болды. Сондықтан өткен күннің қаралы беттерінен сабақ, тарихтан тағлым алып, жастарды бірлікке, патриоттық сезімге тәрбилеп, еркіндіктің қадірін терең түсіндіре білуіміз керек», - дейді шараны ұйымдастырушылар.