ТҮРКІСТАН: Жетісайда 16 мыңнан астам батыр ана тұрады

0
1 919

Оның 18 жасқа дейінгі 4 және одан көпбаласы бар аналар саны - 8 160.


ТҮРКІСТАН: Жетісайда 16 мыңнан астам батыр ана тұрады

Жетісай ауданында 16 мыңнан астам көпбалалы ана бар, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жетісай ауданына қарасты Жылы су ауылдық округінде тұратын Сүттібаевтар әулеті бүгінде көпке үлгі отбасылардың бірі. Бұл әулеттің ерекшелігі - барлығы көпбалалы жанұялар. Шаңырақтың ұйытқысы болып отырған Зәуре апа 13 құрсақ көтерсе, келіндері мен қыздары да батыр ана жолын жалғастырып 7-8 перзентті. Қазіргі таңда Зәуре апа ұл-қыздарынан 75 немере мен 30 шөбере, 8 шөпшек сүйіп отыр.


«Біздің кезде заман аздап қиындау болды. Ол кездің аналарына қазіргідей жағдай жасалған жоқ. Перзенттерімнің жартысын өзім жаяу барып босансам, екеуін үйде босандым. Жұбайым бір үйдің жалғыз баласы болғандықтан бар ойым күйеуімнің ұрпағын көбейту еді. Ешқандай баламды алдын-ала жоспарламадым. Құдайдың берген перзентін өмірге әкелдім. Осы күніме шүкіршілік айтамын. Адам ұрпағымен мың жасайды. Алла осы ұрпақтарымды аман етсін»,-дейді Зәуре Сейдімбекқызы.


Бүгінде аудан бойынша 16 498 көпбалалы ана бар. Оның 18 жасқа дейінгі 4 және одан көпбаласы бар аналар саны - 8 160. Батыр аналар саны - 369, «Алтын алқа» иегерлері – 1 686, «Күміс алқа» иегерлері – 5 537, І және ІІ дәрежелі «Ана Даңқы» ордендерімен марапатталғандар – 746.