Жетісайда өндірілетін бұл аяқ киімдердің сапасы жоғары, бағасы төмен.
Түркістан облысы, Жетісай ауданында спорттық аяқ-киімдерді өндіру қарқын алуда деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Ауданның кіреберіс қақпасы саналатын Ш.Ділдәбеков ауылдық округінде кәнігі спорттық аяқ киім шығаратын шағын цех жұмыс істейді. Екі ауысымда 25 ауыл тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын тәулігіне 1500 жұп аяқ-киім шығаруға қауқарлы. Жеке кәсіпкер Сәкен Шораев шығаратын спорттық аяқ киімдер жергілікті базарлар мен көршілес аудандардың сұранысын қанағаттындырып отыр. Бағасы да тым қымбат емес, базар нарқы 1900 – 2000 теңгенің көлемінде. Негізгі шикізатты Қытайдан алдыратын кәсіпкер алдағы уақытта кәсібінің ауқымын кеңейтуге ниетті.
«Біз өзіміз өндіретін өнімдерімізді алдағы уақыттарда брендке айналдырсақ, шағын кәсіпорынымыздың ауқымын, қуаттылығын арттырсақ деген ниетіміз бар. Кеңейіп жатсақ қосымша жұмысшыларды қабылдап, халықтың тұрмысын жақсартуға үлес қоссақ дейміз. Біздің өңірден, Жетісай топырағынан шыққан красовкилерді алыс-жақын шет елдерге экспорттасақ дейміз»,- дейді кәсіпкердің өзі.
Ашылғанына 2 жыл болған шағын кәсіпорын бүгінде нарықтық бәсекеге толықтай төтеп бере алады. Өйткені, Жетісайда өндірілетін бұл аяқ-киімдердің сапасы жоғары, бағасы төмен.