73 жалпы орта мектептердің 70-інде жазғы мектеп сабақтары ұйымдастырылған.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Жетісайдағы жазғы мектептерде жағдай жасалған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Жетісай ауданында Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының хатына сәйкес 2021 жылдың 26 мамыр мен 19 маусым күндері аралығында шектеу шаралары кезеңінде оқушылардың білімінде жіберілген олқылықтардың орнын толтыру мақсатында ұйымдастырылатын жазғы мектептер жұмысын санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, тиімді ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінде аудандағы 73 жалпы орта мектептердің 70-інде жазғы мектеп сабақтары ұйымдастырылған. 973 сынып комплектісі оқушыларға қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылып, 11 174 оқушы білім алуда. Оларға 2 534 ұстаз дәріс беруде. Әлемдегі пандемиялық жағдайға қарамастан шалғайдағы елді мекен оқушыларын мектепке тасымалдау, ыстық тамақтармен қамтамасыз ету мәселелері де оң шешімін тапқан ауданда.
«Ауданда мектебі жоқ 19 кішігірім елді мекендерден мектеп жасындағы 823 бала жеке кәсіпкелердің арнайы автобустарымен күнделікті тасымалданып, білім алуда. Дегенмен, аудандағы оқушыларды мектепке тасымалдайтын көліктің тозуына байланысты арнайы автобустың қажеттілігі туындап отыр. Осындай өзекті мәселенің бірі – оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету де оң шешімін тауып, 34 мыңға жуық балаға ыстық тамақ пен буфет ұйымдастырылған, оның ішінде 2 867 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылды. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар санатындағы отбасылар санының артуына байланысты тегін ыстық тамақпен қамтылатындар санының өсуі күтілуде», - дейді Жетісай ауданының Адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Тұрсын Мырзалиев.
Аудан ұстаздарының жаңашылдығы мен ізденімпаздығының нәтижесінде 19 жетекші мектеп серіктес мектептермен жұмыс жасап, тәжірибе алмасу мақсатында «Қалыптастырушы бағалау – табысқа жету баспалдағы», «Проблемалық тақырып аясындағы ізденістер мен рефлексиялар», «Кәсіби серіктестік – табысты білім кепілі» тақырыптарында қашықтан семинарлар ұйымдастырылды. «Озат тәжірибе» деп танылған 10 жұмыс аудан көлемінде, ал, 6 жұмыс облыс көлемінде таратылған.
Айта кетейік, аудандағы жаңа типтегі білім ұяларының санын арттыру мақсатында биылғы жылы 6 мектептің құрылысы басталып, оның 5-ін жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.