ТҮРКІСТАН: Жетісайдағы оңалту орталығына реабилитациялық кешен сыйға тартылды

0
342

Аталмыш орталықтар мемлекеттік қолдаулармен қатар демеушілер есебінен де қажетті құрал-жабдықтармен толықтырылуда.


ТҮРКІСТАН: Жетісайдағы оңалту орталығына реабилитациялық кешен сыйға тартылды

Жетісай ауданындағы оңалту орталығына мобильді реабилитациялық кешен сыйға тартылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Мүмкіндігі шектеулі жандар – қоғамның ең әлсіз әрі қорғансыз бөлігі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ерекше күтімді қажет ететін және қиын тұрмыстық жағдайында қалған отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балаларға ерекше назар аударудың қажеттілігін айтып, бірқатар нақты тапсырмалар да берген болатын.


Берілген тапсырмаларды жүзеге асыруда Жетісай ауданы әкімінің бастамасымен ауданда ілкімді істер жүзеге асырылып, күндіз болу орталықтары оңды нәтижелерге қол жеткізуде. Аталмыш орталықтар мемлекеттік қолдаулармен қатар демеушілер есебінен де қажетті құрал-жабдықтармен толықтырылуда.


Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытовтың жеке қабылдауында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Үміт ұясы» күндіз болу орталығында ем қабылдаушы мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарынан түскен өтініштер негізінде «САБИ» қайырымдылық қорының демеушілігімен құны 3 млн теңге болатын «Экзороллер» мобильді реабилитациялық кешені сыйға тартылды.


БЦП мен ми, жұлын жарақаттары, параплегия мен бұлшықет дистрофиясы, Ретт синдромы секілді тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды оңалтудың тиімді құралы саналатын «Экзороллер» аппаратына деген қажеттілікті көтергендердің алғашқысы орталықта қызмет алушы Арафат Шаймерденнің анасы Айжан Егізбаева болды. Өйткені, бірнеше рет жүргізілген медициналық тексерулер өздігінен жүріп-тұра алмайтын ұлына аталмыш аппараттың тиімділігін көрсеткен.


«Бұл аппараттың тиімділігін бізге еліміздің бірнеше мықты дәрігерлері айтты. Әйтсе де, бағасының қымбаттығы қолбайлау болды. Мәселенің мән-жайын айтып аудан басшысының жеке қабылдауына кіріп едік, шұғыл іске кірісті. Тиісті сала басшыларына тапсырмалар беріп, ұлымды толық медициналық тексеруден өткізді. Бірнеше қайырымдылық қорларына хаттар жазылып, «САБИ» қоры демеушілік жасады. Бүлдіршіндеріміздің болашағына бей-жай қарамай, қайырлы іске атсалысқан барша азаматқа шынайы алғысымды айтамын» дейді Айжан Егізбаева.


Бүгінде «Үміт ұясы» күндіз болу орталығында балалардың жасына қарай ыңғайластырылып жабдықталған ойын, демалу, қабылдау бөлмелері мен балалардың антропометриялық өлшеулерін анықтайтын құралдар, сауықтыруға арналған медициналық заманауи кабинеттер жұмыс істейді. Қызмет алушыларға жан-жақты көмек көрсетуге жауапты психолог, логопед, дефектолог, дене шынықтыру және музыка мұғалімдері, емдік дене шынықтыру мен емдік терапия жөніндегі нұсқаушылар, массаж жасау жөніндегі мейіраға мен мейірбике, тәрбиешілер қызмет көрсетеді.


«2018 жылы жұмысын бастаған орталықтың 10-нан астам қызмет алушысы бүгінде өздігінен жүріп-тұру мүмкіндігіне ие болып, мектеп табалдырығын аттағандары да бар. Мүгедектігі бар балалар және психологиялық мүгедектігі бар балаларды жалғыз қалдырмай мүмкіндігінше оларға жақындарының көмегін, айналасындағылардың тұрақты байланысын қамтамасыз етіп отырмыз. Балалардың ата-анасы, туыстары психолог мамандарымызбен тығыз байланыста болып, баланың қалыпты дамуына ықпал етіп келеді» дейді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұрлан Райымбеков.


Сонымен қатар аудан басшысы оңалту орталығының жұмысымен танысып, қызмет алушы бүлдіршіндердің ата-аналарымен тілдесті. Мүгедектігі бар балалардың қабілеттерінің дамуына әсер етіп, шығармашылық және қарым-қатынастық қасиеттерін дамыту, балаларды әлеуметтік ортаға және өзара құрбы-құрдастарының арасына бейімделуіне ықпал ету мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары бағасын беріп, емдік-сауықтыру шараларына қажетті кез-келген көмекке қолұшын созатындығын жеткізді.