Бүгінде клубта 13 бапкер жұмыс істейді.
Жетісайдағы «Ұлттық спорт клубында» 350 адам тұрақты түрде шұғылданып келеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Жетісай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты клубта спорттың көкпар, теңге ілу, жамбы ату, тоғызқұмалақ, қазақ күресі сынды түрлерімен 18 жасқа дейін және 18 жастан асқан азаматтардан құралған 25 топта 350 адам тұрақты түрде шұғылданып келеді. Бүгінде клубта 13 бапкер жұмыс істейді.
Ұлттық спортты дамыту – жас буынның тарихи санасын жаңғыртудың тиімді әрі нәтижелі жолы. Тарихи сана қалыптаспайынша мемлекетшілдік сананың орнықпайтынын, ал, тарихи сананың тұғыры ұлттық болмыстан бастау алатынын жақсы білетін Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытовтың қолдауымен бүгінде «Ұлттық спорт клубы» мекемесі жұмыс жүргізіп келеді.
«Қай заманда болсын дайындығы күшті, шеберлігі мықты сарбаздар ғана шайқаста жеңіске жеткені, байырғы көшпенді бабаларымыз бейбіт күннің өзінде сарбаздардың жауынгерлік даярлығын жетілдіріп отырғаны тарихтан белгілі. Яғни, шайқас кезінде жауынгерлер қолданған әдіс-тәсілді бейбіт күндері ұлттық ойын ретінде дамытып келеміз. Әлемдік өркениет көшіне ұлттық сипатымызды сақтай отырып бет бұруды, ерте заманнан бері қазақтың тарихымен біте қайнасып, заманына қарай жаңғырып, дамып, толықтырылып келе жатқан ұлттық ойындарымызды ұлықтауды, насихаттауды барынша қолға алып келеміз» - деді аудан әкімі.
Айта кетейік, аталған клуб өткен жылы құрылып, қазіргі таңда Қырғызстан Республикасы Президентінің кубогына арналған Халықаралық турнир мен облыстық «NOMADS CUP» ұлттық ойындар чемпионаты, Түркістан облысы 5 жыл толуына орай ересектер арасында өткен Түркістан облысының спартакиядасы сынды байрақты бәсекелерге қатысып, Азия ойындары мен Халықаралық, Республикалық және облыстық жарыстарда, түрлі деңгейдегі ашық біріншіліктерде 25 алтын, 23 күміс пен 19 қола медаль иеленген.