Тәулігіне 2 мың дана кір сабын мен кір жуу ұнтағының құрғақ және сұйық түрлерінен 1 тоннаға жуық өнім өндіреді.
Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов Асықата кентіндегі «Бегалы» жеке кәсіпкерлік нысанында болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Орта және шағын бизнесті дамыту – өңірдегі жұмыссыздықты жоюда, нарықты халыққа қажетті тауарлармен толтыруда, өңірлердің экономикасын тұрақтандыруда шешуші фактор болып табылады. Сондықтан да еліміздегі шағын және орта бизнесті дамыту мәселесіне жан-жақты жағдай жасалып, Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлы тарапынан да айрықша назар аударылып отыр. Осы тұрғыда қабылданған мемлекеттік бағдарламалар мен жан-жақты қолдаулар жеке кәсіппен шұғылданамын, кәсібімді кеңейтемін деушілерге мол мүмкіндіктерді қарастырған.
Осы орайда Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов Асықата кентіндегі «Бегалы» жеке кәсіпкерлік нысанында болды.
2021 жылдың тамызында іске қосылған нысан бүгінде тәулігіне 2 мың дана кір сабын мен кір жуу ұнтағының құрғақ және сұйық түрлерінен 1 тоннаға жуық өнім өндіреді. Өндірілген өнімдерді Жетісай, Мақтаарал, Сарыағаш аудандарымен қатар Шымкент, Алматы, Түркістан және Ақтау қалаларына тапсырыс бойынша жөнелтіп отырады. Жергілікті 4 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған.
Шикізатты шет елден тасымалдайтын шағын цех басшысы Бауыржан Маханов алдағы уақытта тіс пастасы мен сусабын, кір жуғыштардың бірнеше түрін шығарып, кәсіпорынның қуаттылығын арттыруға ниетті. Ол үшін мемлекеттен қолдау, жеңілдетілген несие керек.
«Қазіргі уақытта кез-келген азаматтың кәсіп ашып, тірлігін бастауына, кәсібінің ауқымын кеңейтуіне мүмкіндігі зор. Бүгінгідей нарық заманында тынымсыз еңбек қана жоғары табысқа бастайтыны анық. Еліміздегі түрлі мемлекеттік бағдарламалар кәсібін жаңадан бастайтын және көлемін арттыратын тұрғындарды жетістікке жетелейтінін көрсетіп отыр. Ең бастысы – мемлекет тарапынан ұсынылған қолдауларды мүлт жібермей, жеңілдетілген несиелерді орынды пайдалана білу керек. Біз тарапымыздан барлық деңгейдегі кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі», - деді аудан басшысы.
Өзінің жеке қаржысы есебінен өз ісін бастаған жас кәсіпкердің жұмысына жоғары бағасын берген Серік Үсенұлы аудандық кәсіпкерлік бөлімі мен Асықата кентінің әкіміне Бауыржан Махановқа жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды.