ТҮРКІСТАН: Жетісайлық шаруалар қырыққабат егуді бастады

0
616

Өткен жылы «Пушма» сортынан 25 мың түп егіп, Ресей асырған.


ТҮРКІСТАН: Жетісайлық шаруалар қырыққабат егуді бастады

Жетісайлық шаруалар қырыққабат егу жұмыстарына кірісіп кетті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Негізгі табысы ауыл шаруашылығы саласы саналатын Жетісай ауданының шаруалары үшін еккен егін мен жиналған өнімнің бітік шығып, зая болмағаны аса маңызды. Өйткені, өнімнің мол болуы, нарықта жоғары бағада сатылуы – әлеуметтің әлеуетінің артуына тікелей әсер етеді. Өзге өңірлерге қарағанда көктемі ерте келетін Жетісай ауданында дихандар ақпан айының басында қырыққабат егуді бастады.


Егістікке ерте тұқым сеуіп, бүгінде күтіп-баптау жұмыстарын жүргізіп отырғандардың бірі Есполат Өмірхан. Жалпы иелігінде 3 гектар жері бар Жетісай ауданы Абай ауылдық округінде орналасқан шаруа қожалығы бүгінгі таңға дейін 1,5 гектарға орамжапырақтың ерте пісетін «Зарисма» сортынан 28 мың түп егіп отыр. Өткен жылы «Пушма» сортынан 25 мың түп егіп, Ресей асырған. Биылғы өнім де жақсы болатынына сенімді.


«2014 жылдан бері отбасымызбен диханшылықпен айналысамыз. Негізгі күн көрісіміз де осы. Мұнда қазір 30 адам жұмыс істеп жатыр, жұмысшыларға күніне 5000 теңгеден еңбекақысын төлеп отырмыз. Құдай қаласа наурыз айында ортасындағы ашық жерге қауын егіп, бір жерден екі өнім алатын боламыз. Егілген көшеттің үстін жапқышпен жауып, жауын-шашыннан қорғаймыз. Ең бастысы – күтіп-баптауға үлкен мән берілуі керек», - дейді шаруашылық төрағасы Есполат Өмірхан.


Аталмыш алқапта бүгінде 30-ға тарта жергілікті тұрғын еңбек етіп, нәпақы тауып жүр. Күнделікті ақылары 5 мың теңге. Ерте көктемнен бастап қырыққабат егуге, сонан соң қауын-қарбыз егуге, жинауға қатысатын ауыл азаматтары күзгі мақта терімнен де қалыс қалмайтындықтарын айтады. Бір жылдың 11 айында егістік алқаптарда жұмыс жасап, қыстың 1 айында ғана бос болатынын айтқан Әтіркүл Еспенбетова бір отбасыдан 2-3 адам жұмысқа ерінбей шықса тәп-тәуір табыс табуға болатынын алға тартады.


Айта кетейік, өткен жылы ауданның ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған 78,5 мың га егістіктің 49,5 мың гектарына мақта, 15 мың гектардан астам бақша, 10,7 мың га мал азықтық, 3,2 мың га көкөніс егіліп, ауыл шаруашылығы саласында жалпы өндірілген өнім көлемі 105,7 млрд теңгені құраған.


Ерте егілген көкөніс дақылдарынан 79 мың тоннадан астам, бақша дақылынан 474,5 мың тоннадан астам, дәндік жүгеріден 29,5 мың тонна, жоңышқадан 46,2 мың тонна өнім алынып, 292 шаруа қожалық иелері 1103 га жерден екі рет өнім алу жобасын іске асырған.