Күзгі дала жұмыстарына 1665 тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінген.
Жетісайлық диқандар мақта теріміне дайын, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Негізгі табысы мен күнкөрісі агросектормен тікелей байланысты Жетісай ауданында биыл 79,3 мың гектар жерге егілген ауыл шаруашылығы дақылдарының 40,8 мың гектарға жуығы мақта дақылы болса, 19,7 мың гектары бақша, 3,4 мың гектары көкөніс, 7,3 мың гектары дәндік жүгері мен 6,6 гектар егістігі мал азықтық дақылдары. Егілген ауыл шаруашылығы дақылдарынан 544,5 мың тонна бақша, 88,3 мың тонна көкөніс, 40,3 мың тонна дәндік жүгері мен 99,2 мың тонна мал азықтық өнімдері алынған.
Аудан әкімі Серік Мамытовтың тапсырмасымен бүгінде аудандағы мақта терім науқанына қызу дайындық жұмыстары жүргізілуде. Нақтырақ айтар болсақ, 25 мың гектарға жуық жерге дефолиациялау жұмыстары жүргізіліп, 715 дана тракторлардың, 897 дана трактор тіркемелерінің, 61 дана ОВХ мен 232 дана мақта терім машиналарының дайындықтары пысықталған.
Сонымен қатар ауданның күзгі дала жұмыстарына 1665 тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлініп, «GREENFUEL» ЖШС және ЖК «Әуезов» операторлары арқылы дихандарға 249 теңгеден босатылуда.
Сала мамандарының алдын ала жасаған болжамы бойынша 40,8 мың гектар алқапқа егілген мақта шитінен 105,2 мың тонна ақ алтын алынып, орташа өнімділік гектарына 25,8 центнерді құрайды деп күтілуде.