ТҮРКІСТАН: Жылу беру маусымына дайындық қатаң бақылауда

0
503

597 көпқабатты тұрғын үй орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілген.


ТҮРКІСТАН: Жылу беру маусымына дайындық қатаң бақылауда

Түркістан облысында жылу беру маусымына дайындық қатаң бақылауда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында 597 көпқабатты тұрғын үй орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілген. Түлкібас, Сайрам, Бәйдібек аудандарында ауа-райына байланысты, жылыту маусымы 6 қазанда басталды, ал қалған аудан-қалаларда 15 қазан-1 қараша аралығында қосылады. Бұл туралы брифингте Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Әбілхан Әбдіқадыров мәлімдеді.


Сондай-ақ, облыс көлеміне жалпы көмір отынының қажеттілігі 966,6 мың тонна, тасымалданғаны 517 мың тонна (53%). Қалғаны жылыту маусымы басталғанға дейін тасымалданады.


«Бюджеттік мекемелердің көмір отынына қажеттілігі 142,8 мың тонна, ол толық тасымалданған. Орталықтандырылған жылу беретін кәсіпорындардың көмірге қажеттілігі 99,3 мың тонна, тасымалданғаны 27,4 мың тонна (28%). Ал облыс тұрғындарының көмірге қажеттілігі 724,4 мың тонна болса, тасымалданғаны 347 мың тонна (48%). Тасымалдау жұмыстары жалғасуда», - деді Әбілхан Әскерұлы.


Аудан-қала әкімдіктерінің мәліметіне сәйкес, облыс көлемінде 24 көмір тасымалдайтын орын бар. Тұрғындар үшін темір жол тұйығы бар елді-мекендерде 1 тонна Шұбаркөл отынның бағасы 14 500-18 500 теңге аралығында. Ал темір жол тұйығы жоқ елді-мекендерде 18 500 - 22 000 теңге арасында. Өткен жылы қатты отын бағасы 13 500 – 18 500 теңге аралығында болған. Жалпы жылу беру маусымына дайындық барысы штаттық режимде және облыс әкімінің қатаң бақылауында.