2 апта ішінде 30-ға жуық науқасқа операция жасаған.
Түркістан қаласында жүрек қан тамырлары ауруларына ота жасалуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қаласында 1-қазаннан бастап жүрек қан тамырлары ауруларына ота жасалуда. «Талғат» клиникасы ғимаратында орналасқан «Asia Med Clinic» кардиоорталығының дәрігерлері 2 апта ішінде 30-ға жуық науқасқа операция жасаған. Орталықтың бөлім меңгерушісі, интервенционды кардиолог Елтай Артықбаевтың айтуынша, барлық ота сәтті шыққан.
Жүрек ырғағы бұзылыстары ауруларына шалдыққан науқастар үшін тегін қызмет көрсететін кардиологиялық орталық заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Мәселен, SIEMENS ангиограф аппараты Германиядан арнайы сатып алынған. Құны 300 млн. теңгені құрайтын медициналық аппарат миокардия инфаркт, жүрек қан тамырлары ауруларына ота жасауға таптырмас құрылғы.
«Білікті дәрігерлеріміз талай жанның дертіне шипа табуына тер төгуге дайын. Барлық ота жолдама (портал) арқылы жасалынады. Әрине, шұғыл жағдайда уақытпен санаспай ота жасау біздің дәрігерлік борышымыз. Алғашқы ота түркістандық Расул Атахановқа жасалды. Қазіргі таңда барлық науқастардың жағдайы тұрақты»,- деді кардиоорталықтың директоры Саламат Құрманаев.
Жалпы мұнда Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау қалаларынан келген 15 медицина маманы жұмыс істеуде. Ал, кардиология саласында 6 жылдық тәжірибесі бар дәрігер Елтай Ертайұлы Алматы қаласында жұмыс жасаған. Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің түлегі. Туған жерді түлетуге келген дәрігер сұхбат барысында Түркістан облысының тұрғындарына қызмет көрсетуге дайын екенін жеткізді.