Мас ер адам кішкентай қызды ұстап алып, арам ойын мал қорада іске асырмақ болған.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі сотының үкімімен бүлдіршін қызды зорламақ болған 1984 жылы туған ер адам темір торға тоғытылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Сотқа дейінгі тергеп тексеру кезінде 35 жастағы ер адам Түркістан қаласына екі қолға бір күрек таппақ боп тұрақты жұмыс іздеп келгендігі анықталған.
Сот тергеуі кезінде анықталғандай, осы жылдың қаңтар айында сотталушы Ш. спиртті ішімдік ішіп, мас халде үйінің ауласында ойнап жүрген қызды ұстап алып мал қораға қарай сүйрелеген. Мал қорада өзінің киімдерін шешіп тастап қызды зорламақ болған.
Алайда бүлдіршін қыздың әпкесі мал қораға кіріп келген. Озбырлық әрекеттерін іске асыра алмай ер адам жалаңаш күйде көшеге атып шыққан. Қашып бара жатқан нәпсіқұмарды көршілер ұстап алған. Әпкесі көршілеріне ұсталған ер адамның жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық көрсетпек болғанын айтпағандықтан, нәпсіқұмарды ешкім ұрып соқпаған.
Жәбірленуші қыздың әпкесі болған жайтты тәртіп сақшыларына айтып берген. Құрықталған қылмыскерге ҚР ҚК нің 24 бабының 3-ші бөлігі, "Қылмыс жасауға тура бағытталған, тікелей пиғылмен жасалған әрекеттер (әрекетсiздiк), егер бұл ретте қылмыс адамға байланысты емес мән-жайлар бойынша ақырына дейiн жеткiзiлмеген болса, қылмысқа оқталу деп танылады" және 120 бабының 4-ші бөлігімен айып тағылған.
21 мамыр күні өткен сот процесінде сотталушының кінәлі екендігі толық өз дәлелін тауып, 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот үкімімен жазаны қауіпсіздігі жоғары мекемеде өтейтін болады.
Айта кету керек, жасы кәмелетке толмаған бүлдіршін қызды зорламақ болған ер адамға қатысты шыққан сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.