Түркістанда ерекше нысандар салынып жатыр

0
520

Туристік әлеуетті көтеруге бағытталған.


Түркістанда ерекше нысандар салынып жатыр

Түркістанда туристік әлеуетті көтеретін ерекше нысандар салынып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында ғимараттар мен нысандар сәулетшілердің мақұлдауынан кейін ғана салынады. Басталған жұмыстың аяқсыз қалмауы қатаң қадағалауда тұр. Маңызды мәселені Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бақылауда ұстап отыр. Сәулеттік жобалар талқыланған мәжілісте жаңа жобалар таныстырылды. Аймақ басшысы жаңа нысандар мен инвестициялық жобалардың қаланың Бас жоспарына сәйкес жүзеге асуын қатаң бақылауды ескертті.


Өңірде жұмысына салғырт қараған мердігерлермен тынымсыз жұмыс жүргізіліп жатыр. Мемлекеттен жер алып, жарты жолдан құрылысын аяқтай алмай отырғандар қалада да бар. Облыс басшысы жаңадан келген кәсіпкерлерге құрылысты бекітілген кесте бойынша аяқтауды қатаң тапсырды. Түркістан қаласында салынатын ғимараттардан шығыс және ұлттық сәулет нақыштары көрініс табуы тиіс. Бұл да басты талаптардың бірі.


Мәжілісте бірқатар жаңа жобалар ұсынылды. Олардың басым бөлігі Әкімшілік-іскерлік орталығында орналаспақ. Мәдени-рухани орталығында орналасқан Өнер мұражайы мен Қолөнершілер орталығының ішкі көрінісінің жобасы талқыланып, тиісті ескертпелер берілді. Ұлы Жібек жолының бойындағы шаһардың орталығында бой көтеретін жаңа қалашықтың жобасы ерекше. Алдағы уақытта өңірде қолөнершілерге қолдау көрсету арқылы жұмыс орындарын ашу, туризмді дамыту көзделіп отыр.


«Ең алдымен, жобалардың сапасы жоғары болуы тиіс. Біз оны қадағалаймыз. Жаңа жобалар қалаға өте қажет. Ешқандай кідіріс болмауы керек. Бұл, түптеп келгенде, біздің өңірдің беделі мен имиджіне қатысты мәселе. Жұмысты жауапкершілікпен атқаруды тапсырамын. Әр нысанның өз мақсаты, идеологиясы және жұмыс орнын ашатын әлеуеті болғаны жөн», – деді Дархан Амангелдіұлы.


Түркістан қаласының мәдени-рухани орталығында салынып жатқан қолөнершілер шеберханасы бар теңдессіз туристік кешенде ұлттық нақыштағы бірегей қолөнер бұйымдарын даярлайтын, жоғары сапалы қолөнер бұйымдарының технологиясын оқытатын ірі қолөнер шеберханалары салынады. Мақсат – туристерді тарту, кәсіпкерлікті дамыту және мәдениет пен мұраны сақтап қалу.