Түркістанда қала күні тойланды

0
183

Бүгінде қала халқының саны 234 мыңнан асып отыр.


Түркістанда қала күні тойланды

Түркістанда қала күні мерекесіне арналған гала-концерт өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркі әлемінің рухани, мәдени орталығы – Түркістанда Қала күні мерекесінің гала-концерті өтті. Шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қатысып, барша қонақтарды құттықтап, рухани астананың әлем назарын аударған әлеуетті шаһарға айнала беруін тіледі.


Салтанатты жиында Республика күні мерекесіне орай, өз саласында адал еңбек атқарып жүрген бір топ еңбек адамы арнайы марапатталды.


Кеште елімізге танымал эстрада жұлдыздары мен жергілікті талантты өнер иелері жиналған көпшілікке әннен шашу шашып, көтеріңкі көңіл сыйлады.


Биыл да Түркістан қаласының халқы мерейлі мерекесін кеңінен тойлады. Киелі шаһарда Қала күні онкүндік шаралармен өрнектеліп, әртүрлі бағытта аталып өтті. Республикалық футбол турнирінен басталып, суретшілер фестивалі, поэзия кеші, фото байқау, шахматтан ашық біріншілік және Яссауи хикметтерін жатқа айту, ұлттық және эстрадалық әндер концертімен жалғасты. Қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау, мерекелік көңіл күй сыйлау, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында өткен шаралар барлық секторда ұйымдастырылды.


Айта кетейік, бүгінде қала халқының саны 234 мыңнан асып отыр. Қалада инвестиция, өнеркәсіп, құрылыс, инфрақұрылым, туризм, білім, денсаулық, мәдениет, спорт салалары күн сайын қарқынды дамып келеді. Мәселен, жыл басынан бері Түркістан қаласына 273 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылғы көрсеткіштен 110 пайызға артқан. Туризм саласы бойынша өткен жылғы 7 айлық статистика бойынша Түркістанға 461,6 мың ішкі турист келсе, биыл бұл көрсеткіш 752,1 мың адамға жетті. Былтырғы 7 айда шетелден 6,1 мың адам келсе, биылғы 7 айда 13,7 мың адамға жеткен. Сәйкесінше, қонақ үйлер мен туристік нысандар саны да күн санап артуда. Ал ауыз су, кәріз жүйесі, электр қуатымен қамтамасы ету, абаттандыру, жол, қоғамдық көлік қызметінің сапасы жақсарып, «көгілдір отынмен» қамту 98 пайызға жеткен.