Түркістанда Ордабасы ауданының мәдени күндері өтіп жатыр

0
301

Төрт түлік малдың пайдасы жайында кеңінен айтылып, ұлттық дәм ұсынылды.


Түркістанда Ордабасы ауданының мәдени күндері өтіп жатыр

Түркістанда Ордабасы ауданының мәдениет күндері басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістанда «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Ордабасы ауданының мәдениет күндері басталды. Этноауыл аумағында қара домбыраны жанына серік еткен өнерпаздар, тазы мен қыран ұстаған алып батырлар келушілерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. «Темірлан» халық театры мен «Жас толқын» балалар мен жасөспірімдер Үлгілі театрының Көше театрлар қойылымы мен аудандық «Өнер мектебінің» және әжелер ансамблінің концерттік бағдарламасы көпшілік назарына ұсынылып жатыр.


Аудан әкімі Азат Оралбаев арнайы қатысып, ардагерлерді мерекесімен құттықтады. Ордабасы ауданының жетістіктерін таныстырды. Мұнда ауыл шруашылық және кәсіпкерлік салаларының көрсеткіші мен өнімдерінен, «Ордабасы тартулары» атауымен ұлттық тағамдардан көрме жасақталған. Сонымен қатар Қажымұқан мен Өлкетану мұражайларының, «Ордабасы – ұлы мекен» суретшілер мен қолөнер шеберлерінің, ауданнан шыққан ақын-жазушылар және балалар кітапханасының көрмесі де қойылған.


Киіз үйлерде «Ордабасы – ұлы мұра» тақырыбында тойбастар айту, төс қою, байғазы сұрау, баланы ашамайға мінгізу, бата беру, сүйінші, бел көтерер, селт еткізер, азан шақырып ат қойдыру, төркіндеу сынды ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрып көріністері сахналанып, ақындар айтысы ұйымдастырылған. Төрт түлік малдың пайдасы жайында кеңінен айтылып, ұлттық дәм ұсынылды.


Садақ ату, халық күресі, арқан тарту, ауыр тас көтеру, мак рэслинг, арба сүйреу сынды спорттық ойындардан сайыс өтіп жатыр. Алтыбақан жанында ұлттық ойындар да дәріптелуде. Келген әрбір қонақ диірмен тарту, келі түю, таба нан жабу, күбі пісу, май алу, құрт жасау Этноауылдың тұрмыс-тіршілігімен таныса алады. Дәстүрлі қазақы ортада киіз басу, ұршық иіру, жүн сабау, жүн бояу, ши тоқу секілді дамыған киіз жасау өнерін тамашалай алады.


Айта кетейік, екі күнге жоспарланған өнер фестивалі ертең де жалғасын таппақ. 3 қазан күні Этноауылда 11:00-ден бастап кәсіпкерлер мен ауылшаруашылық көрмесі, «Темірлан» халық театры мен «Жас толқын» балалар мен жасөспірімдер Үлгілі театрының Алтыбақан маңында «Ақ сүйек» театрландырылған қойылымы мен «Ордабасы» фольклорлық халық ансамблінің концерттік бағдарламасы ұсынылады. Арқан тарту, қазақша күрес, қол күрес, асық ату, қошқар көтеру, ләңгі тебу секілді ұлттық ойындар дәріптеледі. Кешкісін «Керуен сарай» туристік кешенінде 19:00-21:00 аралығында көркем өнерпаздар мен танымал өнер шеберлерінің қатысуымен «Ордабасы – құт мекенім» гала-концерті өтеді.