Түркістанда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу іс-шарасы өтті

0
637

Ел үшін шейіт болған тұлғалардың рухына құран бағышталды.


Түркістанда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу іс-шарасы өтті

Түркістанда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу іс-шарасы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін Түркістан қаласында 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған мазмұнды іс-шара өтті. Сұлтанбек Қожанов ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, тұлғаларға құрмет көрсетілді. Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев қатысып, тәуелсіздік пен азаттық үшін жанын қиған Алаштың арыстарына тағзым етудің маңыздылығына тоқталды.


«31 мамыр – мәні терең, маңызы айшықталған, қаралы күн. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары Кеңес Одағының құрамында болған Қазақстаннан 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мыңнан астам қазақстандық ғылым, мәдениет және саясат саласының көрнекті тұлғалары, зиялы қауым өкілдері қудалауға ұшырап, жазықсыз жапа шекті. Бұл процесс қазақ елінің өркендеуіне үлкен соққы болып, кері әсерін тигізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен тарихи тұлғаларды толық ақтау жұмысы мемлекеттік деңгейде қолға алынды. Бүгінде Президент Жарлығына сәйкес, құрылған Мемлекеттік комиссия қарқынды жұмыс атқаруда. 2021 жылы Түркістан облысынан құрылған өңірлік комиссияның ғылыми-зерттеу қызметінің нәтижесінде 5 мыңнан астам азамат толық ақтауға ұсынылды. Қазақ халқы зұлмат жылдары үздіксіз жалғасқан саяси қуғын-сүргіннен есін жия алмай жатқанына қарамастан, тағдырдың тәлкегіне түскен түрлі ұлт пен ұлысты бауырына басты. Біз қайраткерлердің есімдерін жадымызда сақтап, олардың рухтарына құрмет көрсетуді басты міндеттердің бірі деп қарауымыз керек. Тәуелсіздіктің қадірін ұғынып, елдігіміздің мәңгі болуын тілеймін», – дедіБейсен Дәулетұлы.


Түркістан қалалық соғыс және еңбек ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов тарихи ақтаңдақтарды ашып, ұлы қайраткерлер мен ел үшін құрбан болған тұлғалардың рухын асқақтату парыз екенін атап өтті.Сонымен бірге еске алу шарасына қалалық мәслихат төрағасы Ғ.Сәрсенбаев пен қала әкімінің орынбасары Е.Күзембаев қатысты. Іс-шара аясында ескерткішге гүл шоқтарын қою рәсімі өтіп, құрбандарды еске алу үшін 1 минуттық үнсіздік жарияланды.


Түркістан қалалық Мәдениет үйінің халық театры әртістері «Алтын қалам» әдеби топтамасы бойынша құрастырылған «Қаны тамған ХХ ғасыр» қойылымын сахналады. Тарихи көрмелер ұсынылып, Түркістан қаласындағы Н.Төреқұлов, М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов, М.Шоқай атындағы мектептердің оқушылары кітап көрмесінде Алаш арыстары жайында өлеңдер оқыды. Тарихтан сыр шертетін әндер шырқалып, естеліктер айтылды. Ел үшін шейіт болған тұлғалардың рухына құран бағышталды.