Енді түркі елдерінің бағалаушы мекемелері, ұйымдары, сарапшылары, мамандары өзара тығыз байланыста жұмыс істейді.
Түркістан қаласында Түркі мемлекеттерінің бағалаушылар бірлестіктерінің кеңесі (ТМББҚ) құрылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қаласында өткен Орталық Азия және Түркі әлемі бағалаушыларының І халықаралық форумында Түркі мемлекеттерінің бағалаушылар бірлестіктерінің кеңесі (ТМББҚ) құрылды. Халықаралық ұйымның құрылғаны туралы маңызды құжатына Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дың сенат залында қол қойылды.
Атап айтсақ, жиында ТМББҚ-ны құру туралы құжатқа Қазақстанның атынан «Қазақстанның бағалаушылар достастығы» өзін-өзі реттейтін ұйымы, Бағалаушылар палатасының Басқарма төрағасы Асқар Омарбеков, Түркия атынан Түркия бағалаушылар бірлестігінің Басқарма төрағасы Яшар Бахшеджи, «Өзбекстан бағалаушылар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Наргиза Мирзарахимова, «Әзірбайжан бағалаушылар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Басқарма төрағасы Орудж Вугар Аловсат оглы және Қырғызстаннан Советбек Закиров («Қырғыз бағалаушылар бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің Басқарма төрағасы) қол қойды. Сонымен бірге аталған халықаралық кеңестің жарғысы да бірауыздан бекітіліп, қол қойылып, ресімделді.
Халықаралық кеңестің жұмысы осы кеңеске мүше елдердің мемлекеттік тілдерінде жүргізіледі және ортақ тіл ретінде ағылшын тілі таңдалып алынды. Енді түркі елдерінің бағалаушы мекемелері, ұйымдары, сарапшылары, мамандары өзара тығыз байланыста жұмыс істейді.
Түркі мемлекеттерінің бағалаушылар бірлестіктерінің кеңесін құру бойынша жұмыс алты ай бойы жүргізілді. Осы уақыт ішінде қол қоюшы елдердің бағалау бірлестіктері басшыларының екі кездесуі онлайн режимде өткізілген. Баку қаласында офлайн режимде бір кездесу ұйымдастырылып, онда құрылтай құжаттарының мәтіндері, құрылатын халықаралық ұйымның даму стратегиялары мен жоспарлары, оның ішінде бағалау қызметінің өзекті мәселелері талқыланып, кейбір тұстары түзетілген.
"Осы маңызды құжатқа Түркістанда қол қойылып отыр. Бұл бәріміз үшін және Түркістан өңірі үшін тарихи оқиғалардың бірі деуге болады", – дейді форумға қатысушылар.