Түркістанда жаңа "Ырыс-өркендеу" бағдарламасы жұмысын бастады

0
2 029

Ауылшаруашылығына арналған жаңа техникаларды 9 пайызбен 84 айға, яғни, 7 жылға 10 млн. теңгеге дейін кепіл мүлкінсіз лизингке алуға мүмкіндік бар.


Түркістанда жаңа

«ОҢТҮСТІК» аймақтық инвестициялық орталығының еншілес ұйымы «Ырыс» микроқаржы ұйымы жаңадан "ЫРЫС - ӨРКЕНДЕУ" бағдарламасын іске қосты, деп хабарлайды ERNUR.KZ «Ырыс» МҚҰ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатқан жоба бойынша енді ұйым фермерлерге аванстық төлемсіз қаржылық лизинг түрінде қолдау көрсетеді.

Бағдарламаның ерекшелігі және артықшылығы – ауылшаруашылығына арналған жаңа техникаларды 9 пайызбен 84 айға, яғни, 7 жылға 10 млн. теңгеге дейін кепіл мүлкінсіз лизингке алуға мүмкіндіктің болуы. Осы бағдарлама бойынша кәсіпкерлер ауылшаруашылығы мақсатындағы және ауылшаруашылығы техникаларына қажетті жабдықтарды сатып ала алады. Мұнда алдын-ала төлем ретінде 25 пайыз инвестициялық субсидия төленеді.

Лизингке Түркістан облысында кәсіпкерлікпен айналысатын заңды тұлғалар, шаруа қожалықтар, жеке кәсіпкерлер және ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері қол жеткізе алады.