Түркістанда журналистердің спартакиадасы өтіп жатыр

0
1 414

БАҚ өкілдерінен құралған 15 команда 9 спорт түрінен бақ сынауда.


Түркістанда журналистердің спартакиадасы өтіп жатыр

Бүгін Түркістан қаласындағы Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай журналистер арасында достық пен əріптестікті ту еткен дәстүрлі спартакиада басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жыл сайын ұйымдастырылатын жарысқа биыл Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы БАҚ өкілдерінен құралған 15 команда қатысуда. Кәсіби мереке қарсаңында журналистер 9 спорт түрінен бақ сынауды жөн көріпті.

«Өздеріңіз білесіздер, Түркістан облысының құрылғанына 1 жыл толуына орай өңірде көптеген іс-шаралар өтіп жатыр. Бүгін де дүбірлі сайыс басталып кетті. Сіздерді спартакиаданың ашылуымен облыс әкімі Өмірзақ Естайұлының атынан құттықтауға рұқсат етіңіздер. Облыстар мен қалалар шекарамен бөлінгенімен журналистер қауымы шығармашылық тұрғыда бірлесіп, елді бірлікке, ізгілікке бастауы тиіс. Қоғамды дамытуда сіздердің де қосар үлестеріңіз мол. Сондықтан қос өңірдің журналистерін бөле-жармай, спартакиаданы бірге өткізіп отырмыз», – деді Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бейсенбай Тәжібаев спартиакаданың ашылу салтанатында.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Полат Қырықбаев құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тілесе, ҚР Құрметті журналисі Байдулла Қонысбек пен ардагер қаламгер Нұрмахан Назаров та журналистерге жылы лебіздерін білдірді.

ҚР Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалы мен Шымкент қалалық филиалының басшылары Ғалымжан Елшібай мен Айгүл Қапбарова да әріптестерді кәсіби мерекемен құттықтап, шын мықтылар жеңсін деген тілектерін жеткізді.

Бүгін Түркістан қаласында жарыстың волейбол, жүзу, шахмат, арқан тартыс түрлері бойынша сайысқа түсіп жатыр. Қалған 5 түрі бойынша Шымкент қаласында ұйымдастырылады.

Басты мақсат – салауатты өмір салтын насихаттап, әріптестер арасындағы шығармашылық және достық қарым-қатынастарды нығайту, бұқаралық спортты дамыту.

Бұл сайыс Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық және Шымкент қалалық филиалдарының ұйымдастыруымен өтуде. Спартакиадаға Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасы, Шымкент қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасы, Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы қолдау көрсетуде.

Айта кетейік, Түркістан төрінен бастау алған спартакиада 16 маусымда Шымкент қаласында қорытындыланбақ. Жеңімпаз командалар мен журналистер арнайы марапаттар мен ақшалай сыйлықтарға ие болады.

2018 жылы 19 маусымда Елбасы, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан облысы құрылған болатын. Осыған орай Түркістан облысында мәдени, рухани, спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Журналистер қауымы халқы қонақжай Түркістандағы өзгерістерге оң бағасын беріп, киелі шаһар өсіп-өркендей берсін деген тілектерін жеткізді.