Автокөліктер мен ауыр жүк көліктерінің саны артып, жол кептелісі көбейіп, қалаға келуші туристерге қолайсыздықтар туғызуда.
Түркістан қаласының айналма жолының жобалау-сметалық құжаттамасы қайта түзетуден өткізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қаласының айналма жолы болып табылатын республикалық маңызы бар М-32 «Самара-Шымкент» автомобиль жолы бүгінгі таңда қаланың ішінде қалып отыр.
Қазіргі таңда бұл жолмен жүретін автокөліктермен ауыр жүк көліктерінің саны артып, жол кептелістері көбейіп, қалаға келуші туристерге қолайсыздықтар туғызуда. Осы орайда, М-32 «Самара-Шымкент» автомобиль жолына балама жол ретінде Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен «Түркістан қаласының шығыс айналма жолы» жобасы әзірленген болатын. Айналма жолдың жалпы ұзындығы 30 шақырымды құрайды.
Аталған жоба бүгінгі таңға дейін қаржыландырылмай техникалық-экономикалық негіздеме мен жобалау-сметалық құжаттаманың 3 жылдық мерзімі өтуіне байланысты, қазіргі таңда ТЭН мен ЖСҚ-ға қайта түзету жұмыстары жүргізіліп жатыр.