Түркістандағы туризм қалай дамып жатыр?

0
110

Түркістан қаласы ерекше туристік мәртебеге ие.


Түркістандағы туризм қалай дамып жатыр?

Қазір ел аумағындағы туризм жайлы сөз қозғағанда бірден Түркістанның ойға оралатыны анық. Себеб, құрылғанына кеше ғана 6 жыл болған өңірде дәл осы саланы дамытуға айрықша басымдық берілген. Оның үстіне өткен жылдың соңында тарихы тереңге бойлаған Түркістан шаһары «Түркі әлемінің 2024 жылғы туризм астанасы» атанған болатын. Бұл жаңа келбетке ие болған қалаға ғана емес, тарихи-мәдени мұраға бай, табиғаты тұмса тұтас өңірге де ерекше ықпал ететіні белгілі. Сондықтан бүгін «Түркістан өңіріндегі туризм саласы қалай өркендеп жатыр?» деген сауалға жауап іздеп көрдік.


Осыдан ондаған жыл бұрын бір жарым мың жылдық мерейтойын атап өткен бұл қала бұрыннан ілім-ғылымның, руханият пен мәдениеттің, сауда-саттық пен саяхатшылардың нағыз ордасы болған. Өңірдегі жүздеген тарихи мұраларды айтпаған күннің өзінде, Құл Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің өзі-ақ күллі адамзат үшін баға жетпес жәдігер болып саналады. Дегенмен, Түркістан өңірі бұл деңгейде тоқтап қалмай, күн сайын заман талабына сай өркендеп келе жатыр десек, қателеспейміз.


Жоғарыда айтқанымыздай биыл Түркістан қаласы ерекше туристік мәртебеге ие. Осыған орай биыл жыл басында көптеген іс-шара ұйымдастырылатыны белгілі болған. Сондай-ақ, өңір басшысы Д.Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, жауапты басқарма облыстағы туризмді дамытудың бірнеше жылдық жоспарын әзірлеген. Жоспарға сәйкес, туристерге жайлы жағдай жасау арқылы 4 жыл ішінде келушілер саның бір миллионға, ал біркүндік қонақтар санын 2,5 иллион адамға жеткізу көзделген. Ең бастысы – өңірдің туристік деңгейін көтеру, салаға инвестиция тарту, эко-туризмді өркендету және емдеу-сауықтыру саласын ілгерілету бағыттарына басымдық берілген. Нәтижесінде облыс көлемінде биыл қырықтан аса іс-шара өткізілетін болған.


Жыл басында облыс әкімдігінің баспасөз қызметі облыс орталығының тағы бір туристік ғимаратпен толығатынын хабарлады. Ол бірнеше қонақүй мен дәмхана және көрме орталығы орналасатын, жиырмадан аса шеберге арнайы шеберхана берілетін қолөнершілер қалашығы.


Сонымен қатар, 2024 жылдың басынан бастап Түркістан мен Әбу-Дәби арасында бағасы қолжетімді әуе рейсі ашылды. Аптасына бірнеше рет қатынайтын бұл рейстің де өңір туризмі мен экономикасына айрықша үлес қосатыны сөзсіз. Тиісінше, туризмді өңірлік деңгейде ғана емес, халықаралық деңгейде дамытуға да мүмкіндік ол болмақ. Осы рейс ашылғанда облыс әкімінің орынбасары Түркістанға келушілер саны жылына бір миллион адамға жеткенін, аталған салаға бес жыл ішінде 356 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылғанын, облыс орталығында жаңадан қырыққа тарта қонақүй салынғанын атап өткен еді. Осы орайда, Түркістан -Ыстамбұл, Түркістан- Кувейт, Түркістан-Самарқант бағыттары бойынша да әуе рейстері жұмыс істеп жатқанын айта кеткен жөн.


Түркістан өңірінде емдеу және сауықтыру туризмі де ауыз толтырып айтарлықтай деңгейге көтерілген. Оның басым бөлігі Сарыағаш ауданында орналасқаны да көпшілікке мәлім болар. Енді Сарыағаштың курорттық аумағы одан сайын дами түспек. Бүгінде аталған ауданда жетпістен астам емдеу-сауықтыру орталығы мен алпысқа жуық шипажай халыққа қызмет көрсетіп жатыр екен. Алдағы уақытта осы орталықтарға Түркістандағы туризм және меймандостық университетінің алғашқы түлектері жұмысқа тартылмақ. Одан да өзге жұмыстарға басымдық берілетін болады.


Төлеби ауданы да туризм саласын дамытуға сүбелі үлес қосып келе жатқан өңірлердің бірі. Мысалы, бір ғана «Тау самалы» шаңғы базасына қыстың 2 айында бес мыңға жуық қонақ бас сұғыпты. Жалпы, бұл ауданда туристерге қызмет көрсететін жүз қырық орын бар екен. Былтыр ауданда туризм саласына 529,6 миллион теңге инвестиция тартылып, тағы да сегіз демалыс орны жұмысын бастаған. Ал, келер жылға дейін жалпы құны 4,5 миллиард теңгені құрайтын он жоба жүзеге асырылмақ.


Ал, Түлкібас ауданында «Ақсу-Жабағылы» шипажайы жаңғыртылып, 2 миллиард теңгеге 250 орынға лайықталған төрт жұлдызды қонақүй бой көтергелі жатыр. Егер бұл жоспар жүзеге асырылса, шипажайдың қуаттылғы екі есеге артады. Оған қоса, жобаны іске асыру шеңберінде 150 азамат жұмыспен қамтылатын болады.


Өңірдің туризмін шет мемлекеттерге таныстыру жұмыстары да қатар жүргізіліп жатыр. Мысалы, наурыздың басында Берлин қаласында өтетін дәстүрлі ITB Berlin 2024 көрмесіне түркістандықтар да қатысып қайтты. Делегация құрамындағы белді ұйымдардың өкілдері өңірдің туризмінен хабар беріп, туризм саласының әлеуеті жайлы түсіндірген. Сонымен бірге, Самарқандағы форумға да, Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының ресми ашылуына да Түркістан облысының өкілдері қатысты.


Қазір Түркістан қаласында туризм бағытын ілгерілетіу үшін түрлі бастамалар қолға алынған. Жаңадан салынып жатқан нысандардың келбетіне, идеологиялық мәніне, сапасына қатаң бақылау жүргізіліп жатыр. Соның арқасында сәуір айындағы көрсеткішке сәйкес, өңірге табан тіреген шетелдік қонақтардың саны едәуір көбейген. Нақтырақ айтсақ, бірінші тоқсандағы есепке сәйкес олардың саны 4500-ге жуықтап, 5 есе көбейгені байқалған.


Былтыр облыс көлеміндегі туристік жолдардың сапасын жақсарту мақсатында 10,6 миллиард теңге бөлініп, жеті жоба аске асырылған. Ал, 2024 жылы бұл бағытқа 17,6 миллиард теңге, қаралып 19 жоба жүзеге асырылмақ.


Былтыр облыстағы туризм саласына 53,5 миллиард теңге инвестиция салынып, жиырма бес нысан іске қосылып, 350-ден аса жұмыс орны құрылған. Ал, биыл құны 20 миллиард теңгеден асатын 25 инвестициялық жобаның жұмысын бастап, 500-ге жуық жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.


Ірі жобалардың қатарына Қ.А.Ясауи кесенесі аумағындағы «Күлтөбе» қалашығы да бар. Бұл нысанды абаттандыруға да қаржы бөлініп, жұмыстар жыл аяғына дейін мәресіне жеткізіледі.


Облыс орталығында көлемі 11,8 гектарды құрайтын аумаққа аквапарк, вилла бой көтеретін 5 жұлдызды қонақ үй салу да көзделіп отыр. Аталған жобаның құны жүз тоқсан миллион АҚШ доллары. Одан бөлек, ұлттық спортқа қызығушыларды тарту үшін жүз гектарға жуық аумаққа атшабар салынбақ.


Бауыржан Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

.