«Қазақ әдебиеті» газеті редакциясында бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болған.
Түлкібастықтар ақынына ққрмет көрсетті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Тамыры терең Түлкібас өңірінен көптеген ақын-жазушылар және ғалымдар түлеп ұшқаны баршамызға аян. Сондай азаматтың бірі ақын, жазушы, сазгер Тұтқабай Иманбеков.
Тұтқабай Иманбеков 1937 жылы Түлкібас ауданы, Ақбиік ауылында туылған. 1960 жылы Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетінің журналистика бөлімін бітірген соң республикалық "Лениншіл жас" (қазіргі "Жас Алаш") газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып жұмыс атқарған. 1967—1977 жылдары «Жазушы» баспасында аға редактор, 1977-1979 жылдары ҚазМУ-дың журналистика факультетінде аға оқытушы, 1980-1983 жылдары «Ара» журналының жауапты хатшысы, 1983-1995 жылдары «Қазақ әдебиеті» газеті редакциясында бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болған.
Алғашқы өлеңдері 1957 жылы «Лениншіл жас» газетінде жарық көрді. Содан соң "Пионер" журналында әңгімелері жарияланды. 1967 жылы "Ақ кайың", 1970 жылы "Бұлақ күліп ағады" жыр жинақтары жарык көрді. 1976 жылы "Последняя охота", 1981 жылы "Тень тутовника" атты кітаптары орыс тілінде басылып шықты. Оның өлендері башқұрт тіліне аударылды. "Жетім қыран" повесті украин тілінде жарық көрді. "Араша" атты поэмасы "Жалын" альманағының бәйгесінде үшінші сыйлық алды. Жазушының "соғыс деген ойыншық емес" атты хикаясы бойынша "Қазақфильм" студиясы қысқа метражды фильм түсірді. Чех жазушысы М.Майерованың "Кішкентай Робинзон" атты кітабын, А.Гайдардың "Тимур және оның командасы", С.Баруздиннің "Бірінші сәуір — көктемнің бір күні" атты повестер жинағын, адыгей халқының ертегілерін "Нарттар" деген атпен қазақ тіліне аударды. "Ұлы ақындар кітапханасы" сериясы бойынша П.Ж.Беранженің бір топ өлендерін, Бауыржан Момышұлының "Ұшқан ұя" кітабын қазақшалады.
Бар саналы ғұмырын әдебиет пен газетке арнаған Тұтқабай Иманбеков даңқты қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлы, жазушы Қасым Қайсенов, Оралхан Бөкей сынды алып қаламгерлер қанаттаса еңбек етті. Туған жері Ақбиік ауылына ертіп келіп, таныстырған. Тұтқабай Иманбеков атына ауданға қарасты Ақбиік ауылында мектеп атауы берілген. Осы мектепте елімізге танымал ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, ауданның зиялы қауым өкілдері бас қосып, Тұтқабай Иманбековке арналып салынған бюстінің ашылуына қатысты.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Е.Орманов, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты жазушы, Д.Тұрлыбек, ақын, сатирик А.Боранбайұлы сөз сөйлеп, Тұтқабай Иманбековтің өмірі мен еңбектері жайлы естелік айтып, бюсті ашты.
Ақынға құрмет көрсету шарасы Т.Рысқұлов ауылында жалғасып, аудандық мәдениет сарайында Тұтқабай Иманбековтің өмірі жайлы дайындалған деректі фильм тамашаланды. Сонымен қатар, Тұтқабай Иманбеков жайлы жазылған жаңа кітаптың тұсау кесер жиыны өтті. Жиында қарымды қаламгер, «Түркі әлеміне қызмет үшін» сыйлығының лауреаты М.Байғұт , ақын Н.Бегалин, Тұтақбай Иманбековтың туысы Нияз Иманбеков сөз сөйлеп, жаңа кітаптың тұсауын кесті.