Өзі ғана емес, өзге де бағбандарды осы іске баулып жүр.
ERNUR.KZ. Сарыағаштық бағбан Танабай Шынтасов енді лимонды өсіріп қана қойған жоқ, оның көшеттерін дайындап, сатылымға шығарды.
Бүгінде Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы Т.Шынтасов өсіретін тұқымбақтан 3 миллион түп лимонның көшеті алынған. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 2 есеге артық. Бағбанның сөзіне сенсек, 1 түп көшеттің құны – 2000-3000 теңгеге дейін барады. Бірақ бұл өсіндіні дайындау үшін 1 емес, 2 жылдай уақыт жұмсалады екен. Және ерекше баптау мен күтімді қажетсінетін көрінеді.
"Мен бұл лимонның көшетін жылдар бұрын Өзбекстаннан алғанмын. Жоғары сұрпын әлпештеп елге әкелдім. Содан 5 жыл бойы тоқтаусыз жерге егіп, енді міне, мардымды жемісін көріп отырмын десем болады. Яғни, кәнігі жетілген талшықтың аналық қаламшаларын кесіп алып, содан көшет жасаймыз. Ол бірден көшет бола салмайды, оны 1-2 жыл бойы арнайы құтыларда тамырландырып, өсіріп аламыз. Сосын ғана ұсынамыз. Ал лимон өсіруден жасқанатын жерлестерімізге айтарым, егер шын ниетіңіз болса, ешқандай да қиындығы жоқ. 8 соттық жерден бастаңыз және жылыжайдың ауа температурасы 0 градустан төмен болмауы шарт. Және жыл сайын 2,5 тонна өнім алсаңыз, бұл 1, 5 миллион теңге пайда деген сөз", - дейді ол.
Бағбан бұл жолы жиын-терімдегі лимонның үлесі де анағұрлым артып, табысқа кенелгенін жасырған жоқ. Айтуынша, биылғы өнім көлемі 2 жарым мың тоннаға бір-ақ жеткен. Яғни, былтырғымен салыстырғанда 20-30 пайызға артық жеміс жинапты. Ал егер көшет үшін аналық қаламшаларын кесіп алмағанда, тәлімбақтан 8 тоннадан астам лимон жинауға болатынын жеткізді. Бірақ, өзге де бағбандарды осы цитрустық өнімге баулу қамында көшет әзірлеуіне тура келген. Сондай-ақ, циртустық жемістің көшеттеріне қазір көптеген жерлестеріміз қызығушылық танытып, тапсырыс беріп те үлгеріпті.
"Әлемде адам ағзасына пайдалы балдан кейінгі екінші орында осы - лимон! Мәселен, бас ауырғанда ішетін цитрамон дәрісін лимонның дәнінен алады дейді мамандар. Ал оның қабығы кондитерлік өнімдерді жасау мақсатында көп қолданылатын да жиі естіп жүрміз ғой. Сондай-ақ, лимонның табиғи шырынын алуға болады. Алайда Қазақстанда таза лимонның шырынын алатын бір цех, фирма немесе компания әзірге жоқ. Ал әрбір лимон ағашы 80-90 жыл өмір сүретінін ескерсек, бұл кәсіпті неге қолға алмасқа?! Жастарға менің осындай кеңес-кәдем бар. Бұл пайдалы өнімді біз қашанғы Қытай, Түркия мен Өзбекстаннан тасымалдап, тұтынамыз?! Ойланыңыздаршы... Және лимонның жемісі 9 айда піседі. Осы орайда, адам баласы да ананың құрсағында 9 ай жататындықтан лимонды адамның ағзасына теңеп жататыны бар", - дейді бағбан өз сөзінде.
Сондай-ақ, Танабай Шынтасовтың бүгінде кәнігі жергілікті жеміс-жидектерден (алма, алмұрт, жүзім) бөлек, экзотикалық өнімдердің бір емес, ондаған түрін өсірумен айналысып жүргені белгілі. Алдағы айларда ол өз жылыжайларындағы киви, банан және анардың өнімі еселейтінін, нәтижесінде бұл жемістердің өңірдегі тиісті құны арзандауы мүмкін екенін айтты. Және шетелдерді жерсінген жеңсік-жаңғақтарды да осы Сарыағашта өсіру үшін қазір ғылыми тұрғыда зерттеп-зерделеуге кіріскен. Тіпті осы мақсатта жаңа жоба-жоспарын әзірлеп, Ресей, Иран, Түркия, Қытай, Молдовадан жаңғақтардың көшеттерін әкеліп, қызу жұмыс жасап жатыр екен.
Анығын айтсақ, қазір арнайы жаңғақ өсіру аймағы құрылып, онда жүздеген адам жұмыспен қамтылып отыр.
дереккөз: elitar.kz