Боксшы 21 қараша мен 3 желтоқсан аралығында жұдырықтасты.
Ереван қаласында бокстан жасөспірім қыздар арасында әлем чемпионаты өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Арменияның Ереван қаласында бокстан жасөспірім қыздар арасында әлем чемпионаты өтті. Жаһандық додаға 58 мемлекеттің былғары қолғап шеберлері қатысып, өзара шеберліктерін байқады. Боксшы бұрымдылар ринг төрінде 21 қараша мен 3 желтоқсан аралығында жұдырықтасты.
Еліміздің ұлттық құрамасы сапында Түркістан облысының екі боксшы ел намысын қорғап, 1 алтын медальді иеленіп қайтты. Шаршы алаңда қарсылас шақ келтірмеген 66 келідегі Түркістан облысының аруы Айсұлу Мұхит 4 кездесу өткізіп, барлық жекпе-жегінде айқын басымдыққа ие болып, отандастарына жарқын көңіл-күй сыйлады. Айсұлудың жетістігін мамандар жоғары бағалап отыр.
Әлемдік додада жеңімпаз атанған спортшы қыз – Сейтжан Жанысбасев басшылық жасайтын Түркістан облыстық №5 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті. Жаттықтырушысы – бокстан қыздар арасында Түркістан облысының аға жаттықтырушысы Серік Абдулла.