Түркістандық делегация Қытайда маңызды келіссөздер жүргізді

0
284

Басты мақсат – халықаралық тәжірибе жинақтап, Түркістан өңірінде жаңа жобаларды жүзеге асыру, инвестиция тарту, облыс аумағында зауыт-фабрикалар ашып, халықтың әл-ауқатын арттыру.


Түркістандық делегация Қытайда маңызды келіссөздер жүргізді

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бастаған делегация Қытай Халық Республикасына іссапармен барды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы мен Қытай арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Осымен екінші рет ұйымдастырылған жұмыс сапарында облыс делегациясы бірнеше провинция мен қалаларындағы алпауыт компаниялардың жұмысымен танысады. Жергілікті билік басшыларымен екіжақты байланысты нығайту, әріптестік туралы меморандумға қол қою көзделген. Облыс әкімі тың жобаларды жүзеге асыру, ІТ саласында тәжірибе алмасу, ауыл шаруашылығы саласын дамытуда білім жетілдіру, озық технологиямен қамту, терең өңдеу бойынша, білім, мәдениет, туризм, Түркістандағы әуежайдың логистикалық әлеуетін пайдалану, әуе рейсін ашу және өзге де мәселелерде әріптестік орнатуға келіссөздер жүргізеді. Басты мақсат – халықаралық тәжірибе жинақтап, Түркістан өңірінде жаңа жобаларды жүзеге асыру, инвестиция тарту, облыс аумағында зауыт-фабрикалар ашып, халықтың әл-ауқатын арттыру.


Түркістан облысының әкімдігі мен Қытайдағы Қазақстан елшілігі мен Бас консулдықтың бірлесіп ұйымдастыруымен Шэньси провинциясында ауқымды іс-шара жоспарланды. Бағдарлама бойынша облыс әкімі Дархан Сатыбалды бастаған делегация мен Қазақстан Республикасының Сиань қаласындағы Бас консулы Жошыхан Қыраубаев Шэньси провинциясының Вэйнань қаласында орналасқан «Chian Chuangshi Construction Group» компаниясына тиесілі «Weinan Jianguo» қонақүйіне барды. Түркістанда дәл осы жобамен бес жұлдызды қонақ үй кешені мен аквапарк және бейнебақылау камераларын шығаратын зауыт салынбақ. Жобаның жалпы құны 270 млн АҚШ долларын құрайды.


Айта кетейік, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жақында Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымы Cаммиті аясында өткен Қазақстан-Қытай бірлескен іскерлік кеңесінде жалпы құны 1 млрд. 615 млн АҚШ долларын құрайтын 4 ірі инвестициялық жоба бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. 18 қабатты қонақ үй, аквапарк және вилла кешені мен бизнес орталықтарының құрылысын бастау жоспарланған.


«Hongji Shiye Group» компаниясы жылжымайтын мүлікті дамыту, құрылыс, монтаждау, қонақүй, қарттарға дұрыс күтім жасау, мейірбикелік күтім орталығы және мүлікті басқару сияқты 10-нан астам бизнес салаларын құрған. Бейжің, Шанхай және Шэньсиде операциялық қызметті жүзеге асырады. Вэйнань қаласындағы саябағы бар қонақүй ерекше үлгіде салынған. 675 орындық орталықтың жалпы аумағы 94 мың шаршы метрден асады.


Сондай-ақ Дархан Сатыбалды бастаған делегация көпсалалы аурухана мен ардагерлерге арналған сауықтыру орталығында болды. Құрылысы енді біткен әлеуметтік жоба аурухана, мейірбике орталығы, қарттар үйінен тұрады.


Медициналық және сауықтыру кешені ерекше күтім мен қауіпсіздікті басты қағида ретінде ұстанады. Орталық ыңғайлы жиһазбен, қажетті құралдармен толық жабдықталған. 5 миллионға жуық халық тұратын қалада ерекше үлгідегі, қолжетімді және бизнес кластағы тұрғын үйлер кешені орналасқан. Солардың басым бөлігі осы компанияға тиесілі.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан облысында инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылау үшін Вэйнань қаласы халық үкіметінің қала әкімі Чен Сяоюн, Шэнси провинциясының халықаралық достық қоғамы төрағасының орынбасары Цао Хуэймен кездесті. Тараптар өңір әлеуетін таныстырып, инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша мәселелерді талқылады. Түркістан өңірінің шаруаларының білімін жетілдіруге арналған үлкен жоба дайындау туралы келіссөз жүргізді.


Кездесу қорытындысымен Түркістан қаласы мен Вэйнань қалалары арасындағы әріптестікті, байланысты нығайту, экономикалық қарым-қатынастарды орнату туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.


«Қос мемлекет басшыларының барлық деңгейдегі тұрақты байланыстары екі елдің берік достығы мен тығыз қарым-қатынасының жарқын үлгісі. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы мен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мырза осы күнге дейін 7 рет кездесу өткізіліп, екі жақты қатынастарды дамытуға бағытталған аса маңызды құжаттарға қол қойылған. Бүгінгі кездесудің мақсаты – Түркістан облысы мен Вэйнань қаласы арасындағы өңіраралық байланыстарды нығайту. Біздің облыс бизнеске бағытталған өңір болып табылады, қазіргі таңда 210 мыңнан астам шағын және орта бизнес өкілі жұмыс істейді. Оның ішінде 159 шетелдік компания бар. Түркістан облысы арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарыққа шығудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Түркістан күллі түркі әлемінің рухани астанасы ретінде даму жолында. Осы бағытта туризмді дамытуға күш салынады. Түркістан қаласы мен Вэйнань қаласы арасында сауда-экономикалық байланыстарды дамыту мен өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуды ұсынғым келеді. Бауырластық қарым-қатынастарды орнату туралы бұл келісім өңірлеріміздің түрлі салаларда дамуына серпін беретіне сенім білдіремін», – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.


Тарихы терең Вэйнань қаласы Қытай өркениетінің бастауы саналады. 2000 жылдан астам тарихы бар. Бұл елдің ең үлкен өзендердің бірі – Вэйхэ өзенінің жағасында орналасқан. Ауыл шаруашылығы саласы мықты дамыған. Жеміс-жидек өсіруден ҚХР-да көш бастап тұр. Алтын мен көмір өндірісі қарыштап дамыған.


Вэйнань қаласында Қытайдағы ең ірі жүзім бағы бар. Мұнда жүзімнің сан алуан түрі өсіріледі. Жаңа сорттары шығарылады. Бір саланы дамытудың ерекше үлгісі ретінде таныстырылған бақта шырын мен шарап шығарады. Көлемі – 300 га, сақтау қоймасы – 10 мың тонна.


Түркістан облысы делегациясының іссапары әрі қарай жалғасуда. Нәтижесі бойынша Қытайдың бай тәжірибесі негізінде Түркістан өңірінде жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен жаңа кәсіпорындар іске қосылады деген жоспар бар.