Түркістандық депутат балаларға жаңа жылдық тарту жасады

0
2 205

Бүлдіршіндерге «SAMSUNG Tab A» планшеттерін үлестірді.


Түркістандық депутат балаларға жаңа жылдық тарту жасады

Жетісайлық халық қалаулысы тағы да қайырымдылық жасады, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жетісай аудандық мәслихатының депутаты, «Nur Otan» партиясының фракция мүшесі, аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы ТӨРЕҚҰЛ Жұмағали Төреқұлұлы Жетісай қаласы мен Атамекен ауылдық округінен әлеуметтік қолдауды қажет ететін және көпбалалы 10 отбасы балаларына жаңа жылдық тарту жасады. Бұл шараға Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Нұрлыбек Сағынбекұлы мен орынбасары Құрманбек Рысмаханов тікелей атсалысты.

Халық қалаулысы қазіргі жаһандық жағдайға байланысты біздің де елімізде орын алған карантиндік шектеулерді қатаң сақтау мақсатында онлайн форматта қашықтықтан білім алып жатқан бүлдіршіндерге «SAMSUNG Tab A» планшеттерін үлестірді. Негізгі мақсат – иісі мұсылманның Жаңа жылы саналатын Әз-Наурыз мерекесін бүлдіршіндерге сезіндіру, ұғындыру арқылы жүректеріне мейірімділіктің нұрын себу екенін айтқан азаматтар бүлдіршіндермен тілдесе отырып олардың қызығушылықтары мен балалық шақтағы тәтті армандарына құлақ түрді, қажеттіліктеріне қанықты. Сабақтарына қажетті құрал-жабдықтарының түгелдігіне көз жеткізді.

«Иа, бүгінгі шара, балалардың кіршіксіз көңілдерінен шыққан алғыстары мен үшін үлкен күш берді. Өйткені, мен депутат ретінде ғана емес адами тұрғыда да бүлдіршіндерге, 10 отбасыға қуаныш сыйлай алдым», - дейді Жұмағали Төреқұлұлы.

Одан бөлек, әрбір отбасының табалдырығын аттай отырып аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы ретінде атаулы әлеуметтік жәрдемақы алатын, алмайтынымен танысқан жас депутат құжат тапсыруда қиындықтарға тап болған жандарды арнайы бекітілген кеңесші мамандарға тапсырып, заң аясында құжаттарын қайта қарап шығуды, оларды топтастыруда көмектер көрсетуді қадап тапсырды.