Осылайша 6 ай бойы бейнет етіп, зейнетін көретін кәсіпкер өнімін отандық нарыққа жөнелтуде.
Түркістан облысы Келес ауданы Біртілек ауылдық округінде «Нұржан» шаруа қожалығы 2011 жылдан бері жылыжай кешенімен айналысып келеді, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл шаруа қожалығында қызанақтың 40 түрлі сорты егіледі. Атап айтқанда, қызанақтың черри сортынан 10 түрі, үлкен қызыл қызанақтың 23 және қызғылт сортынан 12 түрі бар. Қазіргі таңда шаруа қожалықтың іс басқарушысы Нұржан Омаров 4,5 гектар аумаққа қызанақ еккен. Одан күнделікті 15 тоннаға жуық өнім алуда. Осылайша 6 ай бойы бейнет етіп, зейнетін көретін кәсіпкер өнімін отандық нарыққа жөнелтуде.
Сондай-ақ, жалпы жер көлемі – 11 гектарды қамтып отырған шаруа қожалығының жылыжай кешенінде баялдының 2 түрі мен қияр, құлпынай өсіру қолға алынған. Аталған жылыжай көлемі – 5,6 га. Бүгінде ол жерді 10 адам тұрақты, 35 адам маусымды жұмыспен қамтылған. Кешеннің ерекшелігі – озық технологияны қолдана отырып, тұрғындарды көкөніс және түрлі көшеттермен қамтамасыз етіп жатыр. Оған қоса, түрлі саланы дамытқан шаруа қожалығы жылыжай кешеніне қажетті жабдықтарды да өздері өндірумен айналысады.