Түркістандық тағы бір оқушы шетелдің 45 жоғары оқу орнына шақырту алды

0
1 251

Түркістан қаласының тумасы ұлттық бірыңғай тестілеуден 133 балл жинаған.


Түркістандық тағы бір оқушы шетелдің 45 жоғары оқу орнына шақырту алды

Облыс орталығындағы № 15 жалпы орта мектебінің оқушысы Дамир Аюпов шетелдің 45 жоғары оқу орнына грант жеңіп алды. Ол АҚШ, Швейцария, Германия, Испания, Малайзия, Шотландия мемлекеттеріндегі қалаған жоғары оқу орнының студенті атана алады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан қаласының тумасы ұлттық бірыңғай тестілеуден 133 балл жинаған. Талапкер тестілеуді білімін тексеру үшін ғана тапсырған. Алайда әлемдік үздік жоғары оқу орындарына шақырту алды.
– Әуелі Чехияға оқуға түскен досымның жетістігіне қызығушылықтан басталды. Білім алуды басқа елде жалғастыру үшін бірінші кезекте ағылшын тілін үйрену керегін естіген бойда дайындық тобына жазылдым. Сөйтіп 10-сыныптың жартысынан бастап шет тілін тереңдетіп өтетін курста сабақ алдым. Жарты жылдың ішінде IELTS-тағы деңгейім 6,5-ға жетті. Негізінен, мектепте география, математика және ағылшын тілін сүйіп оқыдым. Сөйтіп, IT саласын таңдаймын деп жүргенмін. Бірақ 11-сыныпта бұл ойым өзгерді. Ресторан басқаруды армандай бастадым. Сөйтіп география мен ағылшын тілі пәндеріне ден қойдым. Оған еш өкінбеймін. Қазір шетелдің 45 жоғары оқу орнына шақырту алдым, – дейді ол.
Дамирдің айтуынша, оны шәкіртақысы 2,5 млн теңге болатын университеттер де шақырған. Бірақ жүрек қалауы Еуропаға түсіп тұр. Сыныптастарының арасында шетелге оқуға түскен жалғыз өзі ғана емес, олардың қатарында Корея, АҚШ пен Словакияда оқуға жолдама алғандары да бар.